ҚЫЗЫЛОРДА
ОБЛЫСЫ
ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ
ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІН 85 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазақстанның құрметті журналисті, қазақ радиосының үздігі, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Ахат Жанаевты қабылдап, мерейлі 85 жасымен құттықтады.
«Кеңестік кезеңнің өктем саясатына қарамастан Қорқыт мұраларын жазып алуды алдына мақсат етіп қойған Ахат ағамызға бүгінгі және келешек ұрпақтың зор алғыс айтары сөзсіз. Ахат ағамыз ұзақ жылдар қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп, Сыр елінің жауһар жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізуді өз мақсаты етіп қойды. Қорқыт Ата, Мұзарап, Ешнияз сал, Әлшекей, Досжан, Жалмырза, сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің  ұмыт бола бастаған шығармалары Ахат ағамыздың табанды еңбегінің арқасында өскелең ұрпаққа жетіп, қазіргі таңда ел арасында кеңінен насихатталып жүр»,-деді аймақ басшысы.
«Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Бұл айтулы жетістікте де Ахат Жанаевтың зор үлесі бар.
Облыс әкімі мерейтой иесіне Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғарғы марапаты Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.
Сондай-ақ, бүгінгі шараға замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова құттықтау сөз сөйледі.
Қазақ радиосының үздігі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Жалағаш, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы» - Ахат Әбжаппарұлы 1934 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын және Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып 30 жылдай еңбек етті. 1987 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланған.
Қорқыт күйлерін қайта жаңғырту арқылы халыққа танымал болды. 1975 жылы қарт қобызшы Нышан абыздан жазып алған Қорқыт Атаның 12 күйі бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұр. 
А.Жанаевтың «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» атты кітаптары жарық көрген.
Теги: 
Аймақ
Анықтама
Билік
Құқық
Табиғат
Экономика
Бизнес
Мем қызметтер
Қоғам
Инфрақұрылым

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика