ҚЫЗЫЛОРДА
ОБЛЫСЫ
ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ
ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ
Орталық алаңда дәстүр бойынша 30 киіз үй құрылды.
Алаңда театрландырылған қойылымдар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер шеберлерінің мастер-кластары ұйымдастырылып, шатырларда Наурыз мейрамына орай мерекелік дастархан жайылды.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев барлық жиналған қауымды ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, сырбойылықтарға табыс пен бақ-береке тіледі.
"Бұл күні ренжіскен адамдар табысып, бір дастарханнан дәм татып, бір-біріне ырыс-несібе тілеген. Біз үшін Наурыз мейрамы - өткенді саралап бағамдайтын, болашағымызға бастау алатын ерекше кезең. Соның бірден-бір дәлелі – кешегі Елордада өткен тарихи сәт. Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл сәт біздің Тәуелсіз еліміздің, халқымыздың дүниедегі жоғары абыройын тағы да биікке көтерді, елдің бірлігі мен ынтымағының дәлелі, саяси тұрақтылық пен мәдениеттің үлгісі болды деуге әбден болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отыра Елбасының сөзімен «Алаштың анасы» атаған  Сыр халқының атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мың да бір рахмет айтып, ұзақ ғұмыр, жасампаз еңбегінің жемісін көре беріңіз деген жүрекжарды тілегімізді айтуға рұқсат етіңіздер! Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзінің ұстазы – Елбасының сарабдал саясатын пәрменді жалғастыруда қазақстандықтармен бірге жаңа жетістіктерге жетуіне тілектепсіз»,-деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Елбасы саясатының арқасында аймағымыз қарқынды дамып келе жатқанын және республикада бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша, соның ішінде инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және кәсіпкерлікті қолдауда көшбасшы болып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды. Жақында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бірінші шағын ауданның тұрғындары жаңа пәтердің кілтін алады. Биыл 34 көпқабатты үйден құралған 3 шағын аудан салу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс орталығында 150 көп балалы отбасы үшін арнайы жоспар бойынша жеке үйлердің құрылысы басталады.
Бұл күндері Әз-Наурыз мерекесі барлық аудандарда тойлануда, мереке қарсаңында сенбіліктер, жәрмеңкелер, мерекелік концерттер мен көрмелер ұйымдастырылды.
Теги: 
Аймақ
Анықтама
Билік
Құқық
Табиғат
Экономика
Бизнес
Мем қызметтер
Қоғам
Инфрақұрылым

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика