Қызылорда облысының мемлекеттік архиві қорынан
«Шежірелі Жалағаш»
1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның жаңа конституциясы қабылданды.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы аясында 1938 жылы 15 қаңтарда өткізілген Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесінің біріккен мәжілісінің күн тәртібінде Одақтас республикалар құрамында жаңадан облыстар құру арқылы КСРО Конституциясының кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Қорытындысында, КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР-і құрамында Гурьев, Қызылорда, Павлодар облыстары құрылды.
Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында болып келген Қызылорда, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы және Ақтөбе облысынан Арал ауданы бөлініп, Қызылорда облысы атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 17 қазан 1939 жылы Жалағаш ауданы құрылды. Құрамына Қармақшы ауданына қарасты Ақсу, 1-Май Калинин, Карл-Маркс, Қаракеткен, Амангелді ауылдық кеңестері, ал Сырдария ауданына қарасты Аламесек, Көкжиде, Далакөл ауылдық кеңестері кірді.
1962 жылғы 24 қазанда Еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық Кеңесі және оның атқару комитетінің шешімімен облыстардың аудандары ірілендірілді және аудандарды ірілендіру барысында Жалағаш ауданы Қармақшы ауданына қосылды.
Еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық кеңесінің 23.10.1964 жылғы №322 шешімімен қайта құрылды.
1974 жылы 27 ақпанда Қызылорда облыстық атқару комитетінің №115 шешімімен Жалағаш селосына қалалық поселке мәртебесі берілді.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдық Кеңестердің орнына ауылдық округтер құру жұмыстары жүргізілді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында «күріш фабрикасы» атанған Жалағаш ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай Қызылорда облысының мемлекеттік архиві қоры құжаттарынан «Шежірелі Жалағаш» тақырыбында көрме дайындалды.
Көрменің мақсаты архив қорындағы құжаттардан ауданның атқарған тыныс-тіршілігі туралы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауданнан шыққан тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің өмірдерегін көпшілікке таныстыру, жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Көрме төрт бөлімнен тұрады.
«Ауданның құрылуы мен тарихы» бөлімінде Жалағаш ауданының құрылуы мен даму тарихынан мәлімет беретін құжаттар: ауданның құрылуы, тұтынушылар қоғамын құру, балалар үйін ашу, ауданның орталығын жоспарлау мен дамытудың бас схемасын бекіту, «Мәдениет» МТС-н ұйымдастыру, облыстық «Еңбек даңқы кітабына» еңбек озаттарын ұсыну, клуб үйін салу, Жалағаш селосын қалалық қыстақтар санатына жатқызу, жаңа ауылдық кеңестер құру туралы және т.б. шешімдер, қаулылар қамтылды.
«Аудан басшылары» бөліміне Жалағаш ауданын басқарған ел ағаларының суреттері қойылды.
«Социалистік Еңбек Ерлері» бөлімінде Жалағаш ауданының Социалистік Еңбек Ерлері Апрезов Несіпбай, Жүсіпова Қазына, Тұршабек Елеусінов,Ұзақ Еспановтардың құжаттары мен суреттері қойылды.
«Ел тарихы – ерлерімен еңселі» бөлімінде соғыс және еңбек ардагері Камал Бердәулетов,техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновтың өмірбаяндары, марапаттары және аудан еңбеккерлерінің суреттері қамтылды.
![]() |
![]() |
![]() |
Еспанов Ұзақтың жеке іс парағы, 24.04.1953 ж. |
Жаңартылған күні: 29-03-2019 09:27