ҚЫЗЫЛОРДА
ОБЛЫСЫ
ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ
ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Кеше облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, негізгі екі мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер облыста орман шаруашылығын дамытудың озық технологияларын өндіріске енгізу барысымен, мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлармен сабақтас. Одан өзге жалақы қарызына, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға, көктемгі дала жұмыстарына әзірлікке, жол белгілерінің орнатылуына, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына, тазалық, көркейту-көгалдандыруға қатысты мәселелер қаралды.

Орман шаруашылығындағы озық технологиялар туралы хабарлама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегенов Арал теңізінің кепкен табанына тұздың ұшуы мен құм­ның көшуіне кедергі келтіретін өсімдіктерді егудің жай-жап­сарына тоқталды. Бұл жұмыстар өткен ғасырдың 80-жылдары басталып, сексеуіл, сарсазан, жыңғыл егу жұмыстары қарқын­ды жүргізілген. Бүгінгі күні өсім­діктер табиғи көбею деңгейіне жеткен. Теңіздің кепкен ұлта­нына өсімдіктер отырғызу 1994-2001 жылдар аралығында тоқырап қалды. Кейіннен облыстық бюджет­тен, халықаралық ұйым­дардан қаржы бөлініп, мыңдаған гектар жерге көшеттер отырғы­зылды. Хабарламашының ай­туын­ша, қатты тұзданған аумақ­тарға сарсазан егудің маңызы зор. Өйткені, бұл өсімдік тамыр арқы­лы да, тұқым арқылы да тез көбейіп, аз жылда құрғаған ұлтан­ды жабады. Облыс басшысы Арал ауданының әкімі Нәжмадин Мұ­са­баевтан бұған дейін атқарылған шаралардың тиімділігі туралы сұрады. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта көшеттеп егілген сексеуілдің шығымы тәуір. Кепкен табанға құландар келіп жайыла бастапты.

Сыр бойының шөлейт жер­леріндегі орман шаруашылығы айрықша қамқорлықты қажет ететіндіктен, облыстық бюджет қаржысымен тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгінгі күнгі Қазалы ауда­нында 30 гектар жерге там­шылатып суару әдісімен сексеуіл және түрлі ағаш көшеттерін өсіретін тұқымбақ ұйымдас­тырылды. Бұл технология арқылы суды үнемдеуге әрі шығым­дылықты арттыруға мүмкіндік туып отыр. Басқарма атқарып отырған жұмыстардың бір парасы тозған жайылымдық жерлерді қалпына келтірумен байланысты.

Облыс басшысы әр ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, орман шаруашылығын дамы­тудағы, мал жайылымдарын қал­пына келтірудегі, тұқымбақтар ұйымдастырудағы ұсыныстарды бір құжат аясына біріктіруді тапсырды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – мал шаруашылығын дамы­тудағы жұмыстар туралы об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев хабарлама жасады.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қамқорлықтың арқасында мал басы артты.

Саннан сапаға қарай бет бұрған аграр­шылар асыл тұқымды малды сырттан әкелуге немесе қолдан ұрықтандыруға ден қойып отыр. Облыс бойынша 23 шаруа­шылық асыл тұқымды мал өсірумен ай­налысса, бір дистрибьютерлік орталық, 53 қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істейді. Мал азығын дайындаудың өзекті мәсе­лелерін шешу үшін Қызылорда қаласында тәулігіне 80 тонна жем дайындайтын зауыт іске қосылды. «Қазагро» АҚ арқылы несие алуға өтінім берген 29 шаруашылық ірі қараның аналығын алуға қол жеткізді.

Аймақта ет бағытындағы мүйізді ірі қара мал шаруашылығын дамыту өңірдің негізгі бағыттарының біріне айналды. Суармалы жайылымдар мен суландыру қондыр­ғыларын түгендеу жүзеге асты. Мамандар мал шаруашылығының дамуын тежеп отырған бірнеше факторларды атап отыр. Оларға мал азығының жеткіліксіздігі, мал тұқымын асылдандырудың ғылыми негізге жүйелі жүргізілмеуі, төрт түлік малдың ауқымды бөлігінің жекенің қолында болуы жатады.

Халқының жартысынан көбі ауылдарда тұратын, тіршілік көзі төрт түлік малмен байланысты біздің облыс үшін мал шаруа­шылығын дамытуға бағытталған қадам­дардың маңызы зор. Әкімдік мәжілісінде ветеринария мәселесінің жан-жақты тал­қылануы осыны аңғартқандай. Бүгінде Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда аса қауіпті мал ауруларына қарсы ветери­нарлық іс-шараларды атқаратын станция­лар құрылуда.

Асыл тұқымды малды сырттан тасымал­даудың да бірқатар қиындықтары жұмысқа қолбайлау болып отыр. Мәселен, ет бағы­тындағы мал өсіруге ниетті кәсіпкерлердің асыл тұқымды малды шетелден тасымалдауға жағдайы келмейді. Бұл мәселені «Қызылорда» ӘКК» АҚ арқылы оңтайлы шешудің жолдары қарастырылады.

Мәжілістің келесі көтерген тақырыбы жалақы қарызына қатысты. Соңғы уақытта бұл мәселенің бір ізге түскені байқалады. Қатаң қадағалаудың арқасында қарыз көлемі 60 млн. теңгеге азайған. Аймақтың ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңа науқанның алдында барлық қарыздарын өтеген. Облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Нұрлыбек Жолдасбаевтың айтуынша, бүгінде борышкер 7 мекеменің бірқатарына қылмыстық іс қозғалса, енді бірқатарының ісі сот орындаушылардың қолында. Облыс басшысы осы орайда өз блогына келіп түскен сауалдың «Мерстрой» ЖШС-нің жұмысшыларға қарызына қатысты екенін атап өтті. Қарызын өтей алмаған компа­ниялардың негізгі бөлігін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін салып жатқан, басқа облыста тіркелген қосалқы мерді­герлер құрайтын болғандықтан, оның жауапкершілігі алдымен бас мердігерден сұралады.

Келесі кезекте көшелердегі жол белгі­лерінің орналасуы талқыланды. Облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Әденов жол қауіпсіздігі мақсатында қойылатын жол белгілерінің қазіргі жай-күйіне тоқталды. Облыс басшысы ұсы­нылып отырған ресми ақпарат пен нақты жағдайдың арасындағы алшақтықты қатаң сынға алды. Көше бойына еш рұқсатсыз қолдан жасалған кедергілер қою арқылы көлік қозғалысын шектегендерге ешқандай шара көрілмей отырғанын баса айтты.

Азық-түлік бағасының, әсіресе, көкөніс -бақша өнімдерінің бағасы шарықтап шыға келетін мезгіл туды. Бірақ біздің облыста картоп, сәбіз, жуаның бағасы бірқалыпты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда, тіпті, әлдеқайда төмен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорындағы жинақталған азық-түлік 2 ай бойы осы бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Әрі қарай қажет­тілікке сай қор толықтырылып отырады. Әзірге қант пен ет бағасындағы өсім алаңдатуда. Облыс басшысы қант бағасын тұрақтандыру үшін осы өнімге сұраныс көбейетін жаз айларына дейін қор жасауға тапсырма берді. Ол үшін Үкімет Төтенше жағ­дайлар министрлігінің қорындағы қант­ты босатуда. Енді «Қызылорда» ӘКК» АҚ қант қорын толықтырып алуды пісенттеу керек.

Одан әрі көктемгі дала жұмыстарына дайындық туралы хабарлама жасаған басқарма басшысы барлығы кестеге сай жүріп жатқанын мәлімдеді. Тұқым құйылған, тазалау жұмыстары еңсеріліп қалды. Жанар-жағармайды тасымалдайтын операторлар белгіленіп, жеңілдетілген бағамен алынатын дизельді әкелуде. Облыс басшысы жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуінің маңызын атап өтті. Тыңайтқыш қолда, судан ешқандай мәселе болмауы тиіс. Диқандар егіс даласына 24 сәуірден бастап шығады. Облыс басшысы су тасымалдап беру бағасына қатысты мәселені тағы бір пысықтауды жүктеді.

Одан әрі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жазира Жыл­қышиева «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ла­масындағы кейбір өзгерістермен таныс­тырды. Атап айтқанда, бағдарлама бойын­ша «Жастар тәжірибесіне» кең жол ашылды. Еңбек ресурстарының ұтқырлы­ғын арт­тыруда тек облыс аумағына ғана емес, басқа өңірлерге де қоныс аударуға мүмкіндік ұсынылып отыр. Бағдарламаға қатысушы­лар тапсыратын құжаттар тізбесі едәуір қысқарды. Мәжілісте ауылдағы кәсіпкер­лікті дамытуға бағытталған қар­жыны игеру жолдары да егжей-тегжейлі талқыланды. Алдағы уақытта осы бағдар­лама шеңберінде атқарған жұмыстары бойынша аудан әкімдерінің есебі тыңдалады.

Көктем шыға күн тәртібінен ойып тұрып орын алатын мәселенің бірегейі ретінде санитарлық тазалық, көркейту, көгал­дандыруды айтуға болады. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ардагер Ақжігітовтың айтуынша, облыс орталығын абаттандыруға бөлінген қаржы жыл сайын ұлғайып келеді. Санитарлық тазалықты қадағалауға қатысты қала бірнеше секторға бөлінген. Күн жылынысымен мобильді топтар жұмысына кірісті.

Облыс әкімдігінің мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

(СБ)Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Аймақ
Анықтама
Билік
Құқық
Табиғат
Экономика
Бизнес
Мем қызметтер
Қоғам
Инфрақұрылым

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика