ҚЫЗЫЛОРДА
ОБЛЫСЫ
ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ
ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ


Юрий Пя мен Илья Ильин туған жерінде  «Сыр жанашыры» марапатын алды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылордада «Туған жерге тағзым» форумы өтті. Шарға еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызылордалықтар арнайы келіп қатысты. Аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің бірқатар тумаларына «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың ішінде әйгілі зілтемірші Илья Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, «А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми зерттеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов және т.б.  бар.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев форумға арнайы келген елдің жанашыр азаматтарына алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. 
«Мемлекет басшысы өзінің көреген саясатымен ұлттық құндылықтарымызға негізделген Рухани жаңғыруды алдымызға қойды. Рухани жаңғырудың бір тарауы «Туған жерге тағзым» болса, бұл біздің өңірде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек деп білемін. Сыр өңірінде «Туған жерге тағзым» акциясы бастау алған күннен бастап 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 6 млрд 228 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл - елін сүйген, жерін қастерлеген азаматтардың Атамекеннің дамуына қосқан үлесі. Бүгін, міне, сол азаматтардың бірқатарын «Сыр жанашыры» атағымен марапаттағымыз келіп отыр», - деді аймақ басшысы.
Бүгінгі шарада ғалымдар, дәрігерлер мен өнер майталмандары, кәсіпкерлер, спортшылар және басқа да салалардың өкілдерінен 19 адам марапатталды. 
Форум аясында телекөпір арқылы облыстағы бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы әк зауыты, Қызылорда қаласындағы мал бордақылау және сою бекеті, Шиелідегі құс фермасының 2 цехы ашылды. Сонымен қатар, Ресейде білім алып жатқан сырбойылық студенттер тікелей байланысқа шығып, жерлестерін мерекемен құттықтады. Телекөпір арқылы Арал ауданындағы асфальтбетон зауыты мен облыс орталығындағы шыны пластикалық құбыр шығаратын зауыт та тікелей байланысқа шықты. 
Аймақ басшысы телекөпір қатысушыларын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, кәсіпорындарындардың жұмысына сәттілік тіледі. 
Сондай-ақ, форумда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – суретші Ағымсалы Дүзелханов, жырау Алмас Алматов пен Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Дамир Дәулетбаев сөз сөйлеп, жерлестерін мерекемен құттықтады. 
"Мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде 70-ші жылдары оқыдым. Ол кезде бұл университетте оқыған екі-ақ қазақ болатынбыз. Ал бүгінде сырбойылық түлектердің осы оқу ордасында білім алуларына жағдай жасалған. Жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университеті Қызылорда облысының студенттері үшін магистратурада білімдерін жетілдіруге 20  грант бөлетін болды. Бұл үлкен жетістік! Төрт жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша облыс республикада ең соңғы орында еді. Ал, биыл мектеп бітірген түлектердің 97% орта арнаулы және жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Бұл да жүйелі жұмыстың нәтижесі деп санаймын», - деді академик Асқар Жұмаділдаев. 
Айта кету керек, кешегі өткен облыстық мәслихаттың сессиясында академик Асқар Жұмаділдаевқа Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы шешім қабылданған болатын.  
Шара соңы қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Жеңіс Ысқақова, Төреғали Төреәлі мен «Тұран» триосының концерттік бағдарламасына ұласты. 

Ілия Жақанов Сыр өңіріне арнап ән жазды

«Сырдария вальсі» әнінің тұсаукесері Ілия Жақановтың Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен шығармашылық кешінде өтті. 
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев композиторды шығармашылық кешімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. 
"Ілия Жақанұлының 200-ге жуық әндерінің көпшілігі халық әуендеріне жақын ұлттық дәстүрде жазылғандықтан тыңдаушының жүрегіне бірден жетеді.
Әрине, композитордың шоқтығы биік әні – «Еділ мен Жайық» екені белгілі. Бұл ән туралы жерлесіміз, бұлбұл әнші Роза Бағланова «Еділ-Жайық – әннің төресі» десе, Шота Уәлиханов «Ілия Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақтың еңсесін көтерді» деді. Ал, «Толағай» әнін Елбасымыз  сүйіп тыңдап қана қоймай, кездесу сәттерінде өзі де орындаған кездері бар", - деді облыс әкімі.  
Концертте Ілия Жақановтың "Еділ мен Жайық", "Жайлаукөл кештері", "Әселім-әнім", "Толағай" және өзге де әндері шырқалды. 
Сонымен қатар, аймақ басшысы кеше І.Жақановпен кездесу өткізіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.
 

Дарынды балалар - ел болашағы

Қызылорда облысының білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы базасында жалпы білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушыларына арналған «Руханият және келісім мәдениеті – бірлігі жарасқан елдің кепілі» тақырыбындағы облыстық шығармалар байқауы өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты - оқушылар арасында бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің бірлікті ел болуымыздың кепілі екендігін насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050» стратегиясымен танысуларына себепкер болу. Оқушылардың бойында патриоттық тәрбиенің негізін қалау, еліміздің бейбітшілік пен келісімнің мекені болып отырғанына мақтаныш сезімін оятып, өзіндік үлесін қосуға, оң көзқарастарының қалыптасуына ықпал ету.
Шығармалар байқауына 34 оқушы қатысып, 17 оқушы Қызылорда облысының білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарына ие болды.
І дәрежелі диплом Айсана Өскенова Қызылорда қаласы, №10 БИЛ, 9 сынып. Бадау Сабина- Жаңақорған ауданы, №167 мектеп, 9 сынып. ІІ дәрежелі диплом Мақпал Телеуова Қызылорда қаласы, №4 ОДМИ, 8 сынып, Бекжан Бахытбекұлы Сырдария ауданы, №37 мектеп, 9 сынып, Назира Тиышова Арал ауданы, №220 мектеп, 10 сынып, Үміт Бекасыл Жалағаш ауданы, №188 мектеп, 10 сынып, Анарбай Нұртілеу Жаңақорған ауданы, №209 мектеп, 10 сынып,  ІІІ дәрежелі диплом Аружан Шахмаратова Арал ауданы, №13 мектеп, 8 сынып, Гүлсезім Тоқмырзаева Қармақшы ауданы, №109 мектеп, 8 сынып, Әсем Сәбитқызы Жаңақорған ауданы, №221 мектеп, 8 сынып, Аяжан Болатқызы Қызылорда қаласы, №8 мектеп-интернат, 8 сынып Нұрайлым Есенғалиева Қызылорда қаласы, №138 мектеп, 8 сынып, Айгүл Мырзағұл Арал ауданы, №220 мектеп, 9 сынып, Бибінұр Бақытжанқызы  Қызылорда қаласы, №4 ОДМИ, 9 сынып, Аружан Орынбасар Қызылорда қаласы, №10 БИЛ, 9 сынып, Нұргүл Сейілханова Қызылорда қаласы, №120 мектеп, 9 сынып, Назым Тұрғанбек Жаңақорған ауданы,№3 мектеп-интернат,10 сынып оқушылары.

«Нұрлы жүрек» I облыстық форум өтті

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен алғаш рет «Нұрлы жүрек» атты I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың форумы өтті. Елбасының көтерген рухани жаңғыру туралы бастамасы барлық азаматтарды жаңа идеяның аясында біріктіретін, елімізді ортақ мұратқа ұйыстыратын тұжырым болып отыр. Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік-идеологиялық жобалардың бірі «Туған жер» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында еліміздегі барлық қайырымдылық іс-шараларының үйлестірушісі ҚХА туған жеріне, өсіп-өнген өлкесіне көмек жасауға талпынған азаматтарды қолдау және ынталандыру бағытында игілікті істер атқарып келеді. Маңызы жоғары шараға облыстағы қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар, облыстық ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері, жас кәсіпкерлер, басқарма қызметкерлері, қалалық және аудандық кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – Сыр өңіріндегі қайырымдылық жасаушы меценаттар мен кәсіпкерлерді қолдау, осы бағыттағы барлық ұйымдар мен азаматтардың бірлесуіне жәрдемдесу болып табылады.
Шараға қатысушыларға лебізін арнаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жомарт жүректі 12 азаматты  марапаттады.
Форумда мұқтаждарға мейірімділік танытып, осы бағытта қарымды жұмыстар атқарып жүрген «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев пен «Ел Арай» қоғамдық қорының директоры Асхат Байдәулетов сөз сөйлеп, бүгінгі бастаманың баянды боларына сенім білдірді. Қайырымды азаматтардың қолдауы арқасында баспаналы болған Назерке Кадирова жомарт жандарға ризалығын жеткізді.  
Кәсіпкер Майя Наримова меценаттықпен айналысатын бизнес өкілдері қабылдаған үндеуді оқыды.  
Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Қызылордада Иран Ғайыптың шығармашылық кеші өтті

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және "Парасат" орденінің иегері, "Платиналы Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты Иран Ғайыптың 70 жас мерейтойына орай "Бұ дүние ғайыбы" атты шығармашылық кеші өтті.
Иранбек Әбітайұлының шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына енген. Ол 30-ға жуық драмалық поэманың авторы. Оның көбі Қазақстан ғана емес шет елдерге де танымал. Мәселен, "Шыңғысхан", "Абылай хан", "Қорқыттың көрі" т.б. туындылары бірнеше шет тілдеріне  аударылған.
«Қорқыттың көрі" өлеңдер жинағы үшін Иранбек Әбітайұлы 2002 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан туралы жазба мүшәйрасында гран-при жүлдесіне ие болды. «ЭКСПО-2017" көрмесі аясында Астанада өткен Қызылорда облысының мәдениеті күндері шеңберінде Иран Ғайыптың мерейтойы аталып өтілді. Астаналықтарға "Қорқыт" спектаклін қойдық және Қызылорда облысының құрмет грамотасын тапсырдық», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 
Кеш барысында ақынның оқырмандары, достары мен туғандары мерейтой иесін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. 

Сырдария ауданында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар ашылды

Сырдария ауданында Құрметті азаматтар Аллеясы, тарихи-өлкетану музейі, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары пайдалануға берілді. 
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданында болып, нысандардың ашылуына қатысты.  
Аймақ басшысы алдымен Сырдария ауданы, Ақжарма елді мекенінде шағын және орта кәспкерлікті дамыту жұмыстарының нәтижесінде ашылған "Толғанай" кешенінде болды. 80 адамға лайықталған дүкен мен дәмхананы жеке кәсіпкер Нұрсұлу Дүйсенова ашып, жұмысын дөңгелетіп отыр.  
Ал Тереңөзек кентінен ашылған Құрметті азаматтар аллеясында аудан дамуына елеулі үлес қосқан 99 азаматтың есімі жазылған арнайы тақтайшалар орнатылған. 
Сонымен қатар, аудандық "Еңбек даңқы музейі" тарихи-өлкетану музейінің жұмысы да жандана түскен. 
«Сыр елі – ел азаматтарын біркісідей еңбекке жұмылдыра білген қызылордалық 102 Социалистік Еңбек Ері шыққан қасиетті өлке. Олардың есімдері облыс тарихында алтын әріптермен мәңгілікке жазылады. Атақты күрішші Ыбырай Жақаевпен иық тірестіре еңбек етіп, мемлекет байлығын еселеп өсірген аймағымыздан шыққан Еңбек Ерлері Күләнда Әбдіраманова, Қасым Бөдеев, Ибадулла Ақниязов, шіркейлілік Балдырған Мұстапаева және басқа да аға-апаларымыз еліміздің мақтанышы. Дала төсін дүбірлеткен еңбеккерлердің ізін жалғап, адал еңбегінің нәтижесінде ел экономикасын нығайтқан жандардың барлығы жас буын үшін үлгі-өнеге. Сыр өңірін дамытуға айтулы үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз", - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 
Мұнан соң, аудан орталығында аймақ басшысы елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байланысты аудан активімен жиналыс өткізді. 
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі өткізілген көшпелі мәжілістерде аймақ басшысы барлық аудан және ауыл әкімдеріне жаппай кәсіпкерлікті дамытуға байланысты жұмыстар атқаруды тапсырған болатын. 
Облыс әкімі апта соңына дейін дәл осындай 6 ауданда және Қызылорда қаласында кездесулер өткізеді. 

ЮНЕСКО өкілі кітапханаларға сматрфон табыс етті

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының директоры, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккатпен кездесу ұйымдастырылды.
2015 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қызылорда облысы тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсарту бірлескен жобасы аясында «Ауылдық онлайн орталығы» жобасы жүзеге асырылды. Жобаны үйлестіруші орталық – Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Жоба аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы ауыл кітапханаларына компьютерлер, түрлі жабдықтар беріп, қолдау көрсетті.
Облыс кітапханаларында ақпараттық қызметтерді кеңейту, ауылдар тұрғындарының қоғамдық-маңызды сапалы ақпарат алу мүмкіндігін арттыруды кһздеген жоба аясында  Арал ауданындағы Сексеуіл, Жақсықылыш, Қазалыдағы Өркендеу, Жанқожа батыр, Қармақшы ауданындағы ІІІ-Интернационал, Төретам, Жалағаштағы Мәдениет, Аққұм, Іңкәрдария, Ақжарма, Шиелі ауданындағы Сұлутөбе, Еңбекші, Жаңақорған ауданындағы Төменарық, Бірлік ауылдық кітапханаларында онлайн орталықтар жұмыс істейді.
Онлайн орталықта ақпараттық қызметтер, компьютер және Интернетпен жұмыс негіздері бойынша ақысыз тренингтер, мемлекеттік онлайн қызметті пайдалану жөніндегі семинарлар, қашықтан кеңестер жүргізіледі.
2015-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының қолдауымен ауылдық онлайн орталық қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтер өткізілді.    
Кітапхана қызметкерлерімен кездесуде ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының директоры, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккат облыстағы ауылдық онлайн орталықтардың жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта облыста тағы 10 ауылдық (Райым, Бірлік, Ақарық, Бұқарбай, Қоғалыкөл, А.Тоқмағанбетов, Досбол би, Жаңажол, Ақай, Қожакент) кітапхананы мобильді мультимедиялық орталық ретінде ашып, оған қолдау көрсету мақсатында кітапханаларға смартфондар табыс етті.

Аударма және терминология мәселелері талқыланды

«Өрлеу» біліктілігін арттыру Ұлттық орталығы» облыстық филиалының мәжіліс залында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Аударма және терминология мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің іс қағаздарын жүргізудегі сауаттылығын арттыру, терминдерді пайдалануда бірізділікті қалыптастыру, терминдердің дұрыс әрі орынды қолданылуын қамтамасыз ету, қызметкерлердің тілдік танымдық деңгейін көтеру, мемлекеттік қызметшілерді «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстыруды көздеген семинарға облыс әкімі аппаратының, облыстық басқармалардың, аумақтық департаменттер мен инспекциялардың, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, филолог-ғалымдар, тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысты.  
Семинарда «Терминологияны жүйелеу – тіл дамытудың басты шарттарының бірі», «Жаңа әліпби – лингвистикалық егемендігіміздің белгісі» тақырыптарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. 
А.Абасилов, «Термин және аударма мәселелері» тақырыбында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, ф.ғ.к. А.Әбілов, «Практические проблемы перевода» тақырыбында И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда жоғары аграрлық-техникалық колледжінің орыс тілі мен әдебиетінің жоғары санатты оқытушысы Ш.Жеңсікбаева, «Аударма ісінің қазіргі жай-күйі және проблемалары» тақырыбында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Б.Байділдаева баяндама жасады.
Семинарға қатысушылар терминология және аударма мәселелері жайлы ой-пікірлерін білдіріп, сұрақ-жауаптар алысты, аударма саласын одан әрі жетілдіру бағытында ұсыныстар жасалды.

Қызылордада Сабыр Арыстанбаевтың ескерткіш бюсті ашылды

Қызылордада Қазақстанның еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі, Қызылорда облысының және Шиелі ауданының құрметті азаматы Сабыр Арыстанбаевтың ескерткіш бюсті салтанатты түрде ашылды. Бюст ашу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Мәжіліс депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, еңбек ардагерлері және С.Арыстанбаевтың әріптестері қатысты.
Сабыр Шаймерденұлы өткен ғасырдың 60-80 жж. ортасында облыстың 6 суармалы алқаптарында орналасқан (Түгіскен, Жаңақорған-Шиелі, Қызылорда сол және оң жаға, Қазалы оң және сол жаға) көлемі 220 мың гектарға дейін, суармалы жерлердің инженерлік жүйеге келтірілуіне және көптеген гидротехникалық құрылыстардың салынуына ерекше үлес қосты
«Инженерлік жүйедегі суармалы жер - Қызылорда облысын басқа аймақтардан ерекшелендіретін, келер ұрпақ үшін Сыр өңірінің қадірін еселей түсетін маңызды қазына. Сабыр Шаймерденұлы 20 жылға жуық осы мекеменің бастығы қызметін абыроймен атқарды және сол кездерде жиі кездесетін су тапшы жылдары аз мөлшердің өзінде егістік жерлерді суландырудың жүйелі су айналымы тәсілін енгізіп, нәтижелі еңбек етті. Еңбегі мемлекет тарапынан ескеріліп, Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі атағы берілді, ҚСР Жоғары кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен марапатталды», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерін Мәжіліс депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев және еңбек ардагері Дайрабай Ысқақов құттықтады.
Сабыр Арыстанбаевтың бюсті Қызылорда су торабы әкімшілік ғимаратының алдында орналасқанын атап өтейік. 

Қызылорда колледждерінде арнайы пәндер ағылшын тілінде оқытылуда

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен 2017 жылдан бастап жастардың бірінші жұмысшы мамандығын алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасы жүзеге асырылуда.
Жобаны жүзеге асыру үшін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылданды.
Жоба шеңберіндегі жаңалықтардың бірі – арнайы пәндерді колледждерде ағылшын тілінде оқыту. Осы бағытта биыл облыстың 3 колледжі 7 арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастады. Сондай-ақ, «Информатика» пәнін кезең-кезеңімен ағылшын тілінде оқытуға көшіру қолға алынуда. Оған «Кәсіпқор» Холдингінің ағылшын тіліндегі 5 оқулығы пайланылуда. Осы ретте, жыл сайын әрбір колледж кем дегенде екі арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу жөнінде түпкілікті шаралар қабылдайды.

«Туған жер» – ұлттық патриотизмнің өзегі

«Байқоңыр-Инвест» инвестициялық форумы аясында секция жұмысының бірі «Туған жерге тағзым» тақырыбымен өтті. Секция модераторы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары  Руслан Рүстемов  кіріспе сөзінде туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екендігіне тоқталып, бағдарламаның мақсатын таныстырды. Секция жұмысын облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Елбасы «Туған жерге деген іңкәрлік - туған елге деген сүйіспеншілікке ұласады, туған жерге қамқорлық – туған жерге жанашырлықпен астасады» деп атап өткендей «Туған жер» бағдарламасы  жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті осындай ниеттер мен ізгі шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді, – деді облыс басшысы.
Секцияға Сырдан шыққан руханият қайраткерлері, "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері", "Құрмет", «Парасат» ордендерінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеев, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік сананы модернизациялау бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі  Нұртөре Жүсіп, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім, белгілі айтыскер-ақын Мейірбек Сұлтанхан қатысып, өз лебіздерін білдірді.
Секцияда «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетов Сырдария өзенінің сол жағалауынан кампус салу, «Аралтұз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев Арал өңіріндегі сода зауытын салу жобаларымен таныстырды.
Секция жұмысының қорытындысында облыста салынатын құрылыстарға демеушілік жасау жөнінде 7 меморандумға қол қойылды. Облыс әкімдігі мен мұнай компаниялары  арасында жасалған келісімге сәйкес Қызылорда қаласында спорт алаңы салынады. Келісімге «Торғай Петролеум» АҚ атынан  бас директор Сағит Алтынбеков қол қойды.
«Дағдарыс жағдайына тап болған балалар мен аналарға арналған әлеуметтік қонақ үй» жобасын және ғылыми-зерттеу мен тәжірибелі контрукторлық жұмыстарға «Криптографикалық тәсіл арқылы ақпаратты қорғау» Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы өңірлік инновациялар офисі жобасын қаржыландыру үшін облыс әкімдігі мен «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС (атқарушы директор Жандос Асылханов) арасында келісім жасалды.
Облыс әкімдігі мен «Галаз және Компания» ЖШС атынан бас директор Дәулет Бәйкенов қол қойған келісімге сәйкес Қармақшы ауданында спорт алаңы құрылысын жүргізіледі.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «CNPC «Айдан Мұнай» АҚ президенті Лю Шаою «Өңірлік инновациялық офисті жүзеге асыру бойынша бірлескен қызметке демеушілік көмек» жөнінде келісім жасасты.    
Осындай келісім облыс әкімдігі мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ (басқарма төрағасы Цинь Хунвей қол қойған) арасында да жасалды.  
Облыс әкімдігі мен «Болашақ» университеті атынан ғылыми жетекші Бақберген Досманбетов қол қойған келісімге орай Сырдария өзенінің сол жағалауында студенттік қалашықтың құрылысы салынады.
Секцияда жасалған келісімге сәйкес Сырдария ауданында спорт алаңы құрылысын жүргізуге «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ (бас директор Марат Нұрпейісов қол қойған) демеушілік етеді.

Жас музыканттардың өнер фестивалі өтті 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізіндегі «Сыр елі - рухани жаңғыру бастауы» жобасы аясында жуырда облыстағы барлық өнер және әуез мектептері базасында жас музыканттардың «Ұлы дала әуендері» атты өнер фестивалі өтті.
Өнер фестиваліне облыс бойынша 150-ге жуық дарынды оқушы қатысты.
Фестиваль шартына сай өнер көрсеткен жас музыканттар шараны тамашалаған көрермендердің қошеметіне бөленді.

Ресейдегі Қызылордалық студенттер ассоциация құрды

Мәскеуде Қызылорда облысы әкімдігінің жолдамасымен білім алып жатқан қызылордалық студенттердің кездесуі өтті.  
Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаевтың хабарлауынша кездесуде студенттердің оқу үлгерімі, әлеуметтік жағдайлары мен өңірге оралғанда жұмысқа орналасуы мәселелері талқыланған.
Жастармен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық білім басқармасының бастығы Бақытжан Сайлыбаев қатысты.
Сыр бойылық жастармен кездесуге барған делегация мүшелері  Мәскеу мен Санкт-Петербугте білім алып жатқан қызылордалық жастардың «Орда» деп аталатын ассоциациясы құрғанын хабарлады.
Делегация сапары аясында бүгін облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың 2018 жылы оқуын аяқтайтын студенттермен кездесуі және Ресейдің бірқатар жоғары теxникалық университеттері басшыларымен меморандумға қол қоюы жоспарланып отыр.

Латын әліпбиіне көшу – ортақ міндетіміз

Өңірлік коммуникациялар қызметінде қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Онда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің профессоры, филология ғылымының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы жалпы халықтың талқысынан өткен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің Елбасы Жарлығы арқылы ұзаққа созбай бекітілгеніне оң көзқараста екендігін айтты.
- Мен екінші нұсқаны қолдадым. Біріншіден, мұнда қазақ тіліне тән дыбыстардың бәрі толық таңбалық жағынан қамтамасыз етілген. Екіншіден, төл дыбыстарымыз апостроф арқылы берілген. Осы тұста айта кететін бір нәрсе – кейбір азаматтарымыз апострофтың өзі жазуға қиындық келтіреді деп жатады. Ол дұрыс емес, себебі, апострофы бар дыбыс компьютерде бір таңба арқылы берілетін болады. Сондай-ақ, Республикадағы барлық баспаханаларды ең қажетті деген оқу-әдістемелік құралдарды, оқулықтарды, нұсқаулықтарды, әсіресе қалта әліппесін шығаруға жұмылдыру қажет. Жоғары оқу орындары жанынан қысқа мерзімді курстар ашылып, онда обылыс орталықтарындағы оқу орындарынан келген қазақ тілі мамандарын оқытып шығару керек деп ойлаймын, - дейді Ж.Сәдуақасұлы.  
Жиын соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген жиынға қатысушылар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарына сәттілік тілеп, жұмыстарды іске асыруда  белсене араласуға шақырды.

 

 


Латын әліпбиіне көшу бойынша жұмысшы топ отырысы өтті

2017 жылғы 12 қазан күні Қызылорда облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемовтің төрағалығымен қазақ әліпбиінің жаңа графикасын жасауға ұсыныс беру мақсатында құрылған жұмысшы топтың екінші отырысы өтті.
Топтың құрамына ғалымдар, тіл мамандары, ІТ-мамандар енгізілген.

Жұмысшы топтың отырысында а.ж. 9 қазан күні Мемлекет басшысына ұсынылған Қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы талқыланып, бұл бойынша қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

 


Латын әліпбиіне көшуді насихаттайтын ақпараттық топ құрылды

Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаевтың қатысуымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын облыстық ақпараттық-насихаттық топтың отырысы болып өтті.
Жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Бөкенбайұлы еліміз үшін мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесінің маңыздылығы мен қажеттілігін, сонымен қатар латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны жайлы және оның қарапайым халық үшін еш қиындық туғызбайтындығын және әліпбиді оқыту жолында барлық жағдай жасалатындығын айтып өтті.
18 қыркүйектен бастап аталған облыстық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері барлық аудандарында жергілікті халықпен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады. 

Қызылордада бастауыш партия ұйымдары арасында үздік отбасылар байқауы өтті 

Қызылорда облысында «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Өнегелі отбасы – рухани жаңғырудың өзегі» тақырыбында бастауыш партия ұйымы мүшелері арасында отбасылық байқау өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы отбасы құндылықтарын дәріптеу, бастауыш партия ұйымдарына жан-жақты қолдау көрсету.  
Шара шымылдығын ашқан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев отбасы – қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты екенін атап өтті.
– Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен әдебиетіміз, ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуға тиістігін атап көрсеткен. Бұл – жаһандану дәуірінде өз тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алатындығының кепілі. Сондықтан отбасындағы ынтымақты, береке мен бірлікті сақтай отырып, отбасы құндылықтарын насихаттау, дамыту – біздің стратегиялық басымдығымыз, – деді Ибадулла Құттықожаев.  
Бұл байқауға аумақтық кезеңнен озып шыққан бастауыш партия ұйымдарынан 12 отбасы қатысып, таныстыру, өз өнерін көрсету, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын заманауи тұрғыда насихаттау бойынша сынға түсті.
Шара соңында жүлделі орындар анықталды. Бас жүлдені Сырдария аудандық партия филиалына қарасты «Мәдениет үйі» бастауыш партия ұйымының – Көшекбаевтар отбасы, І орынды Қазалы аудандық филиалының «Ақжелкен» бастауыш партия ұйымы – Тәңірбергеновтер отбасы, ІІ орынды Қызылорда қалалық филиалына қарасты «Сымбат» бастауыш партия ұйымы – Нұрымбетовтер отбасы және «Тұран» филиалына қарасты «Көрмек» бастауыш партия ұйымы – Мейірмановтар отбасы иеленді. ІІІ орын Жалағаш және Жаңақорған аудандық филиалдарына қарасты «Жаңаталап», «Өнер» бастауыш партия ұйымдары отбасыларына бұйырды.
Қалған бастауыш ұйым отбасылары түрлі номинацияларға ие болып, арнайы алғысхаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
– Отан отбасынан басталады. Үлгілі отбасы кейінгі ұрпаққа қолжетімді көрнекі құрал іспетті. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған байқау Елбасы көздеген жаңғырудың жарқын үлгісін насихаттауда өзгеге үлгі көрсетіп отыр, – деді «Өркен» бастауыш партия ұйымының мүшесі, II орын иегері Нәку Мейірманов.

«Алаш партиясының тарихи тағылымы» ғылыми-танымдық конференция

Биыл Алаш қозғалысының ғасырлық тойы – Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Алаш мұрасын насихаттау, алаш зиялыларының есімдерін ұлықтау мақсатында «Алаш партиясының тарихи тағылымы» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.
«Дала дауылпазы, ұлт күрескері - Ә.Бөкейханов» атты баяндамасында профессор Ө.Қожақұлы: «Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы осы мемлекеттілік емес пе? Мемлекеттілігі жоқ халық шын мәнінде Ә.Бөкейханов айтқандай жетім халық, біреудің жетегінде кететін халық. Ә.Бөкейхан қазақ өмірін өзгерту ісінде өмірінің соңына дейін оптимист күйінде қалды. Халық тұрмысындағы кемшіліктерге ол ақыл мен еңбек арқылы жеңуге болатын өткінші құбылыс ретінде қарады» –деді.
Саясаттану ғылымдарының кандидаты, доцент Ш.Тоқмарова «Алаш қозғалысы - демократияның бастауы» атты баяндамасында Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлға екендігін былай деп дәлелдеді: Мұстафаның терең білім алып саяси көз қарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы оның Петерборда өткізген жылдарына тұс келеді. Ол Ә.Бөкейханов сияқты отандастарымен бірігіп Керенский басқарған Уақытша үкіметтің Түркістанды басқаратын арнайы Комитет құруына қол жеткізеді. Елдегі саяси қозғалысқа Мұстафа Шоқай белсене араласып іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты көсемдерінің біріне айналды.
Өз баяндамасында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты У.С.Ибраев мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің институт қабырғасында жүріп, сол институттың ректоры қызметін атқарғанын, сол кезеңнің басты мәселесі Орта Азия мен Қазақстанның іргесін кеңейтуге және ұлттық тұтастануына зор үлес қосқанын атап өтті. Конференция қатысушыларына Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған Т.Жүргеновтың елімізде бұрын-соңды кездеспеген суретін көрсетіп, ол туралы тың деректерімен бөлісті.
ХХ ғасыр басындағы ұлттық интеллигенция және рухани даму мәселелері, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихы туралы, алаш интеллигенциясының өнегелі де ғибратты қоғамдық ойлары туралы құнды баяндамалар жасалып, мазмұны терең әңгіме айтылды. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын сарп еткен асыл азаматтардың тарихын қайта парақтап, шынайы түрде «ақтаңдақтарының» бетін ашып заман талабына сай зерделеудің маңызы зор екенін жастарға жеткізді.
Конференцияға қатысушылар «Алаш партиясы Тәуелсіздіктің рухани тұғыры» атты кітап көрмесімен танысты.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары, оқытушылар, мектеп кітапханашылары, студент жастар, БАҚ өкілдері қатысты.

Бастаманы барша жұрт қолдайды

Аймақта қазақ әліпбиін латын қаріптеріне көшіру бастамасын қолдау шаралары жалғасуда. Соның бірі «КазТрансГаз» АҚ Қызылорда филиалында өтті.
Талқылауға облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді оқыту орталығының»  қызметкері Ә. Бақытова қатысып, латын әліпбиінің болашақ ұрпақ үшін білім кеңістігіне енуге беретін мол мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Сала мамандары да жаңа бастама жайлы ойларын білдіріп, латын графикасының әлеммен байланысты күшейтуге тигізер ықпалын баса айтты.
Латын графикасын қабылдау арқылы біз рухани, саяси дербестігімізді де нығайта түсетіндігіміз жайлы әңгіме болды. Латын графикасы жалпы түркі халықтарының ортақ түсінісетін жазуы болатындығына да назар аударылды.  

Рухани жаңғыру – кемел келешек кілті

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындар арасында бірлікті, әлеуметтік оптимизм мен болашаққа деген сенімділікті нығайту» әлеуметтік қызметі аясында ақпараттық-насихаттық топ Қазалы ауданында болды.

Еркін форматта өткен шарада дөңгелек үстел басына жиналғандарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтпай «Ел ертеңінің бастауы –  рухани жаңғыру», аталған университеттің қауымдастырылған профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Әпенов, «Рухани жаңғыру идеясы және ұлттық рух», саяси ғылымдар кандидаты, доцент Ербол Әбенов «Туған жер» –  отансүйгіштікке тәрбиелеудің жолы» тақырыбында баяндама жасап, көпшілікке жатық тілмен дәлелдер келтіре отырып, мақаланы тереңінен талқылады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттер иен тапсырмалар айтылды. Ұлттық сананың жаңғыруы, ұлттық код, латын әліпбиіне көшу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу соңында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлері ескерілетінін жеткізді.

Шетелдіктер ауылдық онлайн орталық кітапханалар жұмысымен танысты

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы бастаған IREX EUROPE сарапшылары Қызылорда облысындағы ауылдық онлайн орталық кітапханалардың қызметімен танысуда.

Шетелден келген қонақтар алдымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнан кейін Іңкардария, Ақжарма, Аққұм, ІІІ-Интернационал, Еңбекші және Сұлутөбе ауылдық онлайн орталық кітапханаларда болды.

Қонақтар онлайн орталықтардың жұмысы көріп, олардың жергілікті халықты ақпараттандырудағы қызметін және сол арқылы проблемаларды жергілікті билік өкілдеріне жеткізу жолдарын зерттеді.

Шетелдіктер жергілікті тұрғындардың ақпараттық алаңына айналған онлайн орталық кітапханалардың жұмыстарына оң баға беріп, кітапхана қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.

 


«Ғылым сыры кітапта»

Ә. Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана фойесінде «Ғылым сыры кітапта» атты көрме-кеңес ұйымдастырылды. Көрме сөресіне тарихи деректер, оқулықтар, ақын-жазушылардың шығармалары, фотоальбомдар қойылды.  
Көркем әдебиетпен қатар ғылым мен білімді де қамтыған көрмеде Н.Әліпбековтің «Бизнесті ұйымдастыру» оқулығы , К.Әбенованың «Еңбекті қорғау», С.Шәріпханованың «Апаттан құтқару жұмыстарын қауіпсіз ұйымдастыру», Е.Үмбетқұлованың «Ауыл шаруашылығын электрмен жабдықтау» кітаптарымен танысты.
Сонымен қатар келушілер назарына А. Сейдімбектің шығармалар жинағы, С. Құбашевтың «Ел деп соққан жүрегі», Т. Молдағалиевтің 24 томдық таңдамалы туындылар жинағы, О.Ысқақовтың «Көргендерім мен көңілдегілерім», М. Мақатаевтың «Тамаша айым - тамызым», А. Алматовтың «Жыр керуені», С. Қорабайдың «Нәрлі тамырлар» атты туындылары ұсынылды.
 
 

Облыстық музей қоры 436 экспонатпен толықтырылды

Облыс музейлерінің қорында барлығы 127807 экспонат бар. Қызылорда облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында арналған есептік мәліметтеріне сәйкес облыс музейлері бойынша 1665 экспонат жинақталып, оның ішінде облыстық музей қоры 436 экспонатпен толықтырылды.
Есепті мерзімде облыс музейлерінде 4636 экскурсия жүргізіліп,340 лекция, 294 көрме ұйымдастырылды. Оған келушілер 63971 адамды құрады.
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, насихаттау және сақтау мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде тарих және мәдениет ескерткіштерінің жәй-күйі, олардың сақталу жайы, өңірдегі археологиялық зерттеулердің барысы талқыланды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жылда 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні – 2017» атты мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Биыл ұйымдастырушылар келушілерге 20-ға жуық шара ұсынды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемді мақаласынан туындайтын «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалары аясында өңіріміздегі археологиялық және киелі орындарды насихаттау мақсатында «Казконтент» АҚ, «Хабар», «Қазақстан» РТРК, «Қазақстан-Қызылорда» телеарналарында арнайы бағдарламалар берілді.
Сонымен қатар, бүгінгі күні Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары басталып, зерттеулер жүргізілуде.
ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Сығанақ қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының барысымен танысты.
Есепті мерзім ішінде облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссияның 4 отырысы өткізілді. Онда монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнатуға, тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне толықтыруға келісім беру мәселелері қаралды.

Өрісі кеңейген өнер ұжымы

Соңғы жылдары облыстық филармония шетел асып, сырттағы көрерменге өз өнерлерін ұсынып жүр, деп хабарлайды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мамандары.
Өрісі кеңейген өнер ұжымы бірінші жартыжылдықта Әзірбайжанның Баку және Шеки қалаларында концерт берді. Әзірбайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына арналған бұл шараға Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымының қатысқанын да айта кеткеніміз жөн болар.
Облыстық филармонияның әртістері ағымдағы жылдың 20-21 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының 25 жылдығына орай үйымдастырылған мерекелік іс-шараларға қатысты.
Өнер ұжымы жарты жылда 107 концерт ұйымдастырып, оған 31662 көрермен тартылды. Өзге облыстар мен елді мекендерде 43 гастрольдік, 10 қайырымдылық концерт өткізілді.  
 

Жаңа жоба таланттарды танытты

Бүгінде аймақ өнерін өрістету бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы

бірлесе өткізген «Мен – қазақпын» атты телевизиялық мега жобаның облыстық іріктеу кезеңі.  

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің басын бір арнаға тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеуді мақсат еткен байқауға аудандарда іріктеуден өткен                                 28 өнерпаз қатысты. Кілең жүйрік жарысқан өнер сайсында «Үздік аймақтық күйші» номинациясын С.Ділдабаев иеленсе, «Үздік аймақтық дәстүрлі әнші» номинациясына З.Баймұрзаева лайық деп табылды. Ал М. Сүгірбай «Үздік аймақтық жыршы-термеші»   атанды. Үздіктер республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды.
Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен көпшілікке танылмай жүрген кино-фото түсірушілердің шығармашылығын дамыту мақсатында әуесқой кино түсірушілер мен фотосуретшілердің облыстық байқауы болып өтті.

«Ақтөбе – құтты мекен» медиаэкспедициясы сырға келді 

 

 
Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толуы қарсаңында жасақталған «Ақтөбе – құтты мекен» медиаэкпедициясы Сыр еліне келді.
«Ақтөбе - Шамшырақ» ЖШС мен облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы журналистерінен жасақталған медиа топ мүшелері әуелі Арал, Қазалы аудандарында болып, өндіріс орындарын, мәдени нысандарды аралады. Сапар аясында қазір Қызылордада тұратын ақтөбеліктермен кездесу де ұйымдастырылды.
Бүгін түстен кейін көрші облыстан келген әріптестер «Сыр медиа» ЖШС орналасқан Т. Жүргенов атындағы Шығармашылық үйінде болып, серіктестіктің тыныс-тіршілігімен танысты.
Кездесуде медиаэкпедиция мүшелері Сыр өңірінен алған әсерлері туралы айтып берді. Сондай-ақ екі облыс арасында медиа байланысты дамыту жайы да сөз болды.
Бүгін кешке Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облысында тұратын ақтөбеліктермен кездесу үшін еліміздің батысына жол тартатын экспедиция жұмысы осы жылдың қазан айына дейін созылмақ. 
 

Аймақтың индустриалды-инновациялық даму барысын талқылады

 

Мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы өкілдерінің қатысуымен индустриалды даму бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында комиссия мүшелері сайлауалды бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру мақсатында облыста Индустрияландыру бағдарламасының орындалуын пысықтап, өзекті мәселелерді саралады.
- Мемлекет басшысы индустрияны цифрлық технология арқылы құруды, мобильді банкинг секілді перспективалы салаларды дамытуды тапсырды. «Нұр Отан» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында  «цифрлық қоғамды» енгізуге қатысты үлкен міндеттерді көрсетіп, оны жүйелі жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Сондықтан Елбасы тапсырған міндеттерді абыроймен атқаруға күш салуға тиіспіз, - деді комиссия төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Жангелді Ысқақов.
Күн тәртібіне сәйкес облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова баяндама жасады. Оның айтуынша өңірде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд.теңгеден асатын 24 жоба жүзеге асырылмақ. Олар іске қосылғанда 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Экспортқа бейімделген үшоксидты молибден өндіріс кәсіпорыны мен шыны зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Жиын барысында индустриаландырумен қатар өнімдерді  экспорттау мәселесі де сөз болды. Бұрын өңірден экспортқа тұз, балық және сұйытылған газ өнімдері шығарылатын болса, биылғы жылдан бастап аймақтан глицирин қышқылы концентраты Қытай еліне экспорттала бастады. «Фирма Балауса» ЖШС аммоний өнімдерін Ұлыбританияға жөнелтуде.
Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова индустрияландыру жобаларының өнімдерін бұрын 8 елге экспортқа шығарсақ, биылдан бастап  10 елге экспорттау қолға алынғандығын атап өтті.  

Сол жағалауды электрмен қамтудың қадамдары жасалды 

Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын электрмен қамту жобасының 1 кезеңіне орай құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуге ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 900 млн.теңге бөлініп, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды облыстық энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқармасының мамандары.
Аймақ елдімекендерін электрмен қамту бағытындағы жұмыстар аясында Төретам кентіндегі 35/10 кВ №22 ҚС-сы, кент пен Ақай ауылдық округіндегі 6-10/0,4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту, Жосалы кентіндегі 220/35/10 кВ «Жосалы» ҚС-сын қайта жаңғырту жобаларының ЖСҚ-ын әзірлеу үшін жобалаушылармен жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, Сырдария ауданы Бесарық елді мекеніндегі электрмен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жобасының құрылыс монтаждау жұмыстарына облыстық бюджеттен 30 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
 
 

Апатты мектептер мәселесі мүлдем жойылды 

Биылғы тамыз айында облыстағы апатты жағдайдағы мектептер мәселелері толығымен шешіледі.
Мамыр айында аймақта 9 мектеп ашылды. Қалған 3 білім ошағы жаңа оқу жылы қарсаңында, яғни, тамыз айында есігін айқара ашады. Бұл нысандардың барлығы апатты саналып келген мектептер орнына салынды.  
–Білім беру саласында білім беру сапасын арттыру бойынша тиімді жұмыс атқаруды жалғастырудамыз. 2016 жылы мектеп бітірушілердің 95%-ы  жоғары оқу орындары мен колледждерде білімдерін жалғастыруға қол жеткізді.  
Өздеріңіз білесіздер, соңғы үш жылда мектеп бітіруші түлектерді ең үздік ресейлік және отандық ЖОО мен колледждерге мақсатты түрде оқуға жіберудеміз.
Бүгінгі таңда, 400-ге жуық түлек Ресей Федерациясының білім грантының есебінен Ресейдің жетекші техникалық ЖОО-да білім алуда (Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында).
Бұдан бөлек, облыс әкімнің гранты бойынша оқып жатқан әлеуметтік жағынан аз қамтылған негізінен ауылдық отбастарынан шыққан балалар санын 500-ге жеткіздік. Өткен жылы, тағы да еске салайын, мектеп бітірушілердің 95%-ы ЖОО мен колледждерге түсіп, көбісі грант иегерлері атанды, – деді облыс әкімі Қ. Көшербаев жуырда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында берген есебінде.
Биылғы ҰБТ көрсеткіші бойынша біздің облыс алдыңғы бестікке кіреді.
Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарына түсу үшін межелік деңгейден балы аспай қалған, яғни, 50 баллдан асыра алмаған түлектер де бар.  
Облыс басшысы жоғары және орта оқу орындарына түсе алмай қалған әр баламен жеке-дара жұмыс жасалатынын атап өтті. Қалай болғанда да олардың өздерін өздері жоғалтып, «маргиналды» жастардың қатарын толықтыруларына жол бермеу керек.      
 

Жарты жылда өнеркәсіптік кәсіпорындар 356,4 теңгенің өнімін өндірді

 
Осы жылдың қаңтар мен маусымы аралығы облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 356,4 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде де өсу байқалуда. Тамақ өнімдері және басқалай металл емес минералды өнімдерінің артуы есебінен өңдеу бұл бағыттағы өсім 5,7 пайыз (49,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді) болған.
Осы жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында аймақта 2 ірі жобаны жүзеге асыру көзделуде. Қос өндіріс орны іске қосылғанда 284 жұмыс орны ашылады.  
Соның бірі – табақша шыны шығару және өңдеу зауыты. Жалпы құны 37,6 млрд теңге болатын зауытты осы жылдың төртінші тоқсанында қолданысқа беру көзделуде.
Жобаны мемлекеттік қолдау аясында Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан 50 гектар жер телімі және инвестициялық преференция ретінде заттай грант, салықтық жеңілдіктер, кедендік баждан босату мен шетелдік жұмыс күшін тарту үшін квоталар берілді.
Ашылуы осы жылдың еншісіне жазылмақ тағы бір өндіріс орны –«Екіокись молибден ұнтағын үшокись молибденге техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру» жобасы. Екінші жартыжылдықта іске қосылуы жоспарланып отырған жоба құны 871,5 млн. теңге, зауыт жылына 500 тонна үшокись молибден өндіреді.

Жобалардың басым бөлігі жемісті жұмыс істеуде

Елбасы бастамашы болған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы кезеңі аясында облыста 2010-2014 жылдары құны 82,0 млрд.теңгенің 17 жобасы іске қосылып, 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.  
Облыстық индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының есебінше 2017 жылдың мамыр айында бірінші бесжылдықта іске қосылған 17 жобаның 11 жобасы өнім өндіруді қамтамасыз етті.
Олардың арасында «Қазгермұнай» БК ЖШС-нің ілеспе газ өңдеу, «РЗА» АҚ-ның сүт өнімдері, «KazFrac» ЖШС - газ өндірісі, «Кристалл менеджмент» ЖШС – электрэнергиясы, «СКЗ-U» ЖШС - күкірт қышқылы, «СПК Қызылорда балық» ЖШС балық өнімдері, «Дорстрой» ЖШС-нің қызмет көрсету және «Хуа ю интернационал в г.Кызылорда» ЖШС-нің химиялық реагенттер жобалары жоспарлы қуаттылықты 90-100% аралығында меңгерді.
Ал «ПетроКазахстанКумкольРесорсиз» ЖШС-нің электрэнергиясы жобасы редуктордың төмендету күші  және генератордың жоғарғы дірілінің салдарынан өндірілген электроэнергия көлемінің төмендеуіне әкеліп соқты.  
«Бис групп» ЖШС - мия тамырын - мия тамырын өндіру жобасының өнімі 45,5%. Қазір құрылғыға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Аралтұз» АҚ зауытында сәуір-мамыр айларында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарлы қуаттылықты 50-90 пайыз аралығында игерген бұл жобаларды толық іске қосу үшін жұмыстар жасалуда.
Ал 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында іске қосылған жобалар 6,6 млрд.теңгенің өнімін өндірді.  

Мүмкіндігі шектеулі балалар жазғы лагерьге жолдама алды 

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өңірдегі бір топ мүмкіндігі шектеулі балаға жазғы демалыс лагеріне жолдама берілді.
Шараға облыстық партия  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, облыстық мәслихат депутаттары Райкүл Байназарова, Жорабек Нұрымбетов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Ерташова, партия белсенділері және мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-аналары қатысты.
Шараны облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашып, «Нұр Отан» партиясының мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан тыс қалмауын қадағалап, кедергісіз орта қалыптастырудағы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының маңызыдылығына, атқарылған жұмыстарға тоқталды.  
Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Райкүл Байназарова партияның саяси доктринасына сәйкес әлеуметтік қызметтерге, өмірдің тиісті жоғарғы стандарттарына барлық азаматтардың қол жетімділігі тең болуы тиіс екендігін атап өтті.
–Бұл мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі арқылы қамтамасыз етілуі керек. Бүгінгі шара ынтымақтастықтың бір көрінісі және  өзара сенім, өзара жауапкершілік пен өзара көмек болып табылады»,- деді.
Жалпы, шара барысында нұротадықтар 125 мүмкіндігі шектеулі балғынға тынығу лагеріне тегін жолдама берді.

Кооперативтер ет те, сүт те өндірді

Аграрлық секторды қазіргі заманғы жағдайда дамытудың тиімді тәсілі ауылшаруашылығы кооперативтеріне бірігу екендігі белгілі. Осы бағытта жасалған жұмыстар нәтижесінде бүгінде аймақта 223 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып отыр (мал шаруашылығы саласында – 75, егіс саласында – 50, су шаруашылығында – 1, көкөніс өңдеу -1, көпсалалы – 96).
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының есебіне сәйкес, биылғы алты айда 514 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуі арқылы 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды (20 ет бағытында, 3 сүт бағытында, 1 бақшалық), («Ақмол» АӨК – сүт және ет бағытында жұмыс жасайды).  
Құрылған кооперативтерді қаржыландыру «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында осы жылға бөлінген 1765 млн. теңге қаржы есебінен жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 15 кооператив 1 057,0 млн.теңге қаржыға  6797 бас МІҚ малын алуға қол жеткізді.
Нәтижесінде, бүгінгі күні 274 отбасылық мал бордақылау алаңдары құрылып,4836 бас мүйізді ірі қара малы бордақылануда. Сонымен қатар, 1961 бас сиыр сатып алынып, 85 шағын отбасылық сүт фермалары құрылды. Бүгінгі күнге құрылып, несие алған кооперативтер 160 тонна ет, 40 тоннаға жуық сүт өндірді.

Жастар саясатында жүйелі бастамалар бар

Биыл аймақта жастар саясатын жүзеге асыруға 515 млн. теңге қарастырылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артып отыр. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 192 млн. 450 теңге қаржы бөлініп, 43 әлеуметтік жобаны жүзеге асырылады. Оның 26-ы қала және аудандық деңгейде ұйымдастырылады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының есебінше, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан 3 214 күнжізгі бөлім студентіне қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге облыстық бюджеттен 109 млн. теңге бөлінді.  

Қазіргі таңда мектеп түлектерінің 95% колледждер мен ЖОО-да білім алып жатса, «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша аймақтан 3631 студент жоғары және орта білім беру мекемелерінде оқуда.

Сонымен қатар, Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде Мәскеу және Санкт-Петербургтің беделді жоғары оқу орындарында 419 сырбойылықтың білім алуына жағдай жасалды.

Осы жылы халықтың осал топтарынан шыққан 512 студентке облыс әкімінің білім гранты тағайындалды.


Көп тіл білген көптен озады 

Көп тіл меңгеру – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуының бірінші баспалдағы. Адамзат қоғамын алға апаратын үш тұғырлы тіл саясатын қолдау мақсатында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2017 жылдың 20 шілде күні «Үш тұғырлы тіл – мемлекет ертеңі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеде көп тіл білгеннің көптен озатыны айтылып, осы бағыттағы бастамалар жайлы кеңінен айтылды.
Шараға қатысушылар Ш.Құрманбайұлының «Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейліктің негізі» Д.Дүйсебайдың «Тіл туралы толғам», Г.Мұқанованың «Мемлекеттік тіл және аударматанудың өзекті мәселелері», Н.Құрманның «Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытудың жаңа технологиялары: дәстүр мен жаңашылдық» және Е.Шаймерденұлының «Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі» атты кітаптарымен танысты. Көрме сөресіне үштұғырлы тіл саясатына қатысты баспасөз материалдары да қойылды.
 
 

Тың кәсіп көзін тапқандар 

Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары - 2017» республикалық көрме-байқауына «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша қатысатын компаниялардың бірі - «Полимер-Продукт» ЖШС.
Компания иелері тың кәсіптің көзін тапқан жандардың бірі. Серіктестіктің полипропиленнен жасалған қаптары тұтынушылар сұранысына ие болған.
Елімізде әр ай сайын орта есеппен 75-80 миллионы сатылады екен. Соның 30-40 млн-ны ғана өзімізде өндіріледі. Ал қалғаны шетелден келіп жатыр. Сондықтан да серіктестік сырттан келетін тауарларды барынша ысырып, отандық өнімдердің қолданыс аясын кеңейте түсуді жоспарлауда.
Полимер шикізатынан жасалатын полипропилен қапты  даярлау 5 сатыдан тұрады. Әуелі полимер шикізатынан жіп иіріледі. Дайын жіптен қап тоқылады. Одан әрі қапты өлшеміне қарай кесу, тігу, тапсырыс берушінің логотипін басып шығару атқарылады.
Барлық жұмыс тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Одан бөлек, бұл жерде тігін цехы да бар, қаптың ішіне целофан қосып тігіп беруді сұраған тапсырысшылар талабын осы цех орындайды. .
Күніне 30-35 мың дана қап әзірлейтін зауыт бірнеше ірі компаниялармен келісімшартқа отырған. Олардың қатарында «Абзал и К» ТС, «КазАзот» АҚ, «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС мен бірнеше шағын кәсіпорындар бар. Қап тігетін 15 станогы бар зауыт тәулігіне 3 ауысымда тоқтаусыз жұмыс істейді.
Жетпіске жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орны басшылығы алдағы уақытта 2–ші қабатты да іске қосып, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлауда. Бұл  әрине тағы да 50  адам  жұмыспен қамтылады деген сөз.

Сыр спортшылары 6 айда 554 медаль иеленді 

Дене шынықтыру және спортпен тұрақта шұғылданушылар санын ұлғайту осы саланың негізгі көрсеткіші болып болып табылады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мамандарының мәліметінше осы жылғы 6 айда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,4 пайызға көтеріліп, 203 594 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты дамыту үшін мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн. теңге бөлініп, 133 елді мекенде 270 спорт нұсқаушысы жұмыс істеп келеді.  
Бұқаралық спортты дамытудың тағы бір бағыты жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 764 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 182 485 адам қатысты.
Бұқаралық спортты дамыту мен қатар бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жүргізуде. Cпорт мектептерінде 16792 оқушы 32 спорт түрімен шұғылданып жүр.
Осы жылдың 6 айында облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 519 медаль (140 – алтын, 146 – күміс, 233 – қола) жеңіп алса, Азия және әлем чемпионаттарынан 35 медаль (11 - алтын, 12 - күміс, 12 - қола) иеленді. Сонымен қатар, 34 «ҚР-ның спорт шебері» мен  414 ҚР спорт шеберіне үміткер дайындалды. Сонымен қатар, спорт түрлері бойынша 420 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының сапына енді.
Жылдың басты жетістігі мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның VІІІ қысқы Азия ойындарында қола медальді иеленуі болды. Жақында ғана Румынияда шахматтан оқушылар арасында өткен әлем чемпионатында Әсел Серікбай әлем чемпионы атанса, Назерке Нұрғали күміс жүлде иеленді.

Аймақтың туризмдік әлеуеті кеңінен насихатталды 

Облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес облыстың туризмдік тартымдылығын арттыру, аймақтағы демалыс орындары мен тарихи нысандарды насихаттау шаралары жүйелі жүргізілуде. Бұл бағыттағы бастамалар облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының есебінде көрсетілді.

Биыл сәуір айында Алматы қаласында «Туризм және саяхат» Халықаралық көрмесі өткізіліп, оған біздің аймақтан барғандар шетел кластерлері орналасқан павильондарда өз бұйымдарын көрсетті.

Көрмеге облыстағы басты туристік нысандар «Қорқыт Ата» мемориалдық және «Байқоңыр» кешендерінің  үлестірмелі материалдары, туристік нысандары бар брошюралар, винилдік баннерлер қойылды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 24-25 маусымында «Жастар болашақ энергиясы» ұранымен «Менің Отаным - Қазақстан» жас туристердің облыстық слеті Жаңақорған ауданы, Құттықожа елді-мекенінде орналасқан «Тау Самалы» демалыс орнында өткізілді. Оған 6 адамнан құралған 6 топ қатысып, оның ішінде жеңімпаз атанғандарға жүлделер табысталды.

Жыл басында Қызылорда облысының туристік саласын ілгерілету және «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мақсатында басқарма жанынан ресурстық орталық ашылды.

Бүгінгі күні орталық арқылы ішкі саясат басқармасымен және жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп, 30-ға жуық шара өткізілді, түрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орталықтың әлеуметтік желіде арнайы парақшалары ашылып, «ЭКСПО» аясында өткізілген шаралар үнемі жарияланып келеді.

Халықаралық көрме аясындағы нысан саналатын «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанында этноауыл жобасы ұйымдастырылды.

Шетелдіктерге этноауыл аймағын таныстыратын 3 тілде сөйлейтін гид-экскурсоводтар жұмыс жасауда. Этноауылға келген қонақтар қазақ халқының ұлттық ойындарымен (теңге ілу, арқан тарту, алтыбақан тебу, қазақ күресі, асық ойнау,) таныса алады. Ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған ауылға бүгінге дейін елімізден бөлек Германия, Ирландия, Румыния, Франция, Өзбекстан мен Қырғызстаннан туристер келді.

«Тенгри» борттық журналында өңіріміздің негізгі туристік объектісі «Қорқыт ата» мен «Байқоңыр» кешені насихатталуда.


Кәсіпкерлер мәселесi бірлесе шешіледі

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов пен Қызылорда көлік прокуроры Тимур Шүленбаев өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. 
Шара барысында Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлер палатасының саланы дамытуда түрлі саламен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп келе жатқандығын айтты.
Облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестегі әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында прокуратура, Әділет, Мемлекеттік қызмет істері департаменттерімен, сондай-ақ салық органдарымен әріптестік негізде жұмыс жасап келеміз. Мәселен, кәсіпкерлер енді жоғарыда аталған әр мемлекеттік органды араламай-ақ, мәселе туындаған жағдайда апта сайын Кәсіпкерлер палатасында өткізілетін қабылауларға қатысуға мүмкіндік алды, - дейді ол.
Ал көлік прокуратурасымен келісім жасауға кәсіпкерлер тарапынан көлік тасымалдау саласына қатысты мәселелердің жиілеуі себепші болыпты.
Қос тарап алдағы уақытта салаға қатысты туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу мақсатында алдын ала түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, заңсыздықтар мен әкімшілік кедергілердің алдын алуға, сонымен бірге мәселе туындаған жағдайда бірлесе жедел шешуге уағдаласты.
Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасына жыл басынан бері бизнес өкілдерінен 100-ден астам өтініш түсіп, оның 44-і оң шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер 217 млн.766 мың теңгесін сақтап қала алды.

Ынмымақтастық туралы меморандумға қол қойылды 

Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов пен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мира Қазбекова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 
Меморандумға қол қою рәсіміне соттардың мұрағатқа жауапты қызметкерлері, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Меморандум ұлттық архив қоры құжаттарын және басқа да архив құжаттарын жинақтау, уақытша сақтау және пайдалану мақсатында ведомстволық немесе жеке архивтер құру, ғылыми-техникалық құжаттама, дыбыс-бейне жазу құжаттамасы, тарихи деректемелермен алмасу, сондай-ақ архив құжаттарынан көшірмелер жасауға мүмкіндік беру, құжаттардың құндылығын сараптау, ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарын жүргізуде әдістемелік-практикалық көмек көрсету, құжаттарды сақтаудың жай-күйіне аса мән беріп, архивке өткізудің заңдылығын меңгеру және ынтымақтастық аясында түрлі іс-шаралар өткізіп отыруды көздейді.
Шара барысында Азамат Жұмамұратов бекітілген меморандум аясында нәтижелі жұмыс атқарылатындағына сенім білдірді. «Мемлекеттің тарихи даму сатысындағы өткен өміріне бірден-бір дәлел бола алатын нақты белгі – жазылып қалған қолжазбалар мен құжаттар, ал оларды жинақтауда мұрағаттардың орны ерекше», - деді ол.
Мира Қазбекова өз сөзінде архив саласы да ұлттық қорымыздың басты атрибуты болып табылатынын айтып өтті.

Үздік бизнес-менеджер анықталды

Қызылорда облыстық телекоммуникация дирекциясында «Үздік бизнес - менеджер» конкурсының жеңімпаздары анықталды. 
Конкурста заңды тұлғаларға қызмет көрсету орталығы мамандарының телекоммуникация қызметіне абонент қостыру көрсеткіші басты назарға алынды.    Сонымен қатар, қызметкер жұмысының тиімділігі, болжалды кіріс, абоненттермен жұмыс жасаудағы кәсіби деңгейі де ескерілді - деп атап өтті Қызылорда ОТД коммерциялық директоры Әсия Айсаева.
Конкурс нәтижесінде Нұрсая Шәменова, Дархан Ерханов, Құралай Жұмағұлова жеңімпаз атанып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
 
 

Суармалы жер аясы кеңейе түседі 

Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіруге бағытталған жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа халықаралық қаржы ұйымдарын тарту көзделіп отыр. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының есебінше ХҚҰ есебінен 238,6 мың гектар суармалы жердің 188,4 мың гектарын қалыпқа келтіру жоспарлануда.
Басқарма бұл бағытта «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының екінші және үшінші фазасы (159,4 мың гектар) мен Азия даму банкі арқылы 29 мың гектар суармалы жерлерді қайта айналымға қосу жобасын атап отыр.
Үстіміздегі жылы ПУИД-2 және су шаруашылығы нысандарын құжаттандыру үшін 63 млн. теңге және Азия даму банкісі арқылы 29 мың гектар суармалы жерлерді қайта айналымға қосу жобасына енгізілген су нысандарын құжаттандыруға облыстық бюджеттен 384 млн. теңге қаржы бөлінді.
Жобаға енген су нысандарын құжаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін оларды белгіленген тәртіпте республикалық меншікке өткізіледі.
Қазіргі таңда, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы нысандарын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.

«Агробіліктілік орталығы» 140 кәсіпкерді оқытты

 
«Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Агробіліктілік орталығы» ЖШС мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ауыл шаруашылығы саласындағы 140 жергілікті кәсіпкерді оқытып, біліктілігін жетілдірді. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Алма Пірманова айтты.
Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл облыс бойынша өсімдік және мал шаруашылығы бойынша 8 базалық шаруашылықта семинарлар өткізу жоспарланған болатын.
Қорытынды семинар «Жылқы шаруашылығы» бағыты бойынша Жаңақорған ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Бақытжан» шаруа қожалығында өткізілді.
Семинар барысында тыңдаушыларға ет және сүтті бағытындағы жылқы түлігінің ерекшеліктері мен артықшылықтары, күтіп-баптау мен түрлі ауруларының алдын алу тәсілдері, мемлекет тарапынан берілетін көмек түрлері және өзге де тақырыптар түсіндірілді.
Практикалық сабақ барысында арнайы құралдардың көмегі арқылы жылқыға бонитировка жүргізу, чиптерді салу және таңба басу жұмыстары көрсетілді.
Семинарды «Агробіліктілік орталығы» ЖШС мамандары Дәурен Сыдықов пен Оралбек Әліханов жүргізді.  

Жалпы осы жылы облыс бойынша өсімдік шаруашылығы бағыты бойынша өткен 4 семинарға 70 тыңдаушы, мал шаруашылығы бағытында ұйымдастырылған 4 семинарға 70 тыңдаушы  қатысты.


«ЭКСПО-2017» көрмесінің 36 комиссары «Байқоңыр» ғарыш айлағына барды

Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз – ТМА» зымыран тасығышы ұшырылды. Әуе кемесінің бортында «РОСКОСМОС», «ИЕКА» (ЕУропа), «НАСА» (АҚШ) ғарышкерлері болды. «Союз» зымыранының ұшырылуына «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің әр елдегі комиссары қатысты. 
- Бүгін «Байқоңыр» ғарыш айлағында 36 комиссар келді. Бұл сапар «Астана Экспо - 2017» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр және қатысушылар үшін осындай мүмкіндік берілген оларға қуанышты жағдай деп ойлаймын. Көптеген мемлекеттер Қазақстанды Байқоңыр арқылы таниды, бірақ осы жерде болу мүмкіндігі бар екендігінен бейхабар. Комиссарлар ғарышкерлер мұражайына, Юрий Гагариннің ұшу алдындағы болған үйіне барды. Барлығы зымыран ұшырылымын асыға күтуде. Зымыран ұшырылымының көрме кезінде жоспарланғаны біз үшін қолайлы мүмкіндік болды. Енді біз Қазақстанды ғарыштық ракурста көре алатын боламыз,- деді «ЭКСПО-2017» комиссары Рапиль Жошыбаев. 
- «ЭКСПО-2017» көрмесінің басталуына байланысты «Байқоңыр» ғарыш айлағы әлем туристерінің қызығушылығын тудыруда. Өздеріңіз білесіздер, екі жыл бұрын қазақтсандық 7 туристік компания «Роскосмоста» аттестациядан өтті және олар Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда және өзге де қалаларда дербес жұмыс жасауда. Ресми мәлісмет бойынша, ғарыш айлағына 1000-нан астам адам келген. Бұдан бөлек, Қармақшы ауданында этноауыл ашылды, оған да келушілердің қатары көп,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнайы өкілі Серік Қожаниязов. 
Айта кетейік, жұлдызды қалашықты аралау өтінішін қарау мерзімі 45 күннен 10 күнге қысқартылды. Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Мұстафаевтың айтуы бойынша, Байқоңыр қаласын аралаудың туристік пакетіне ғарыш айлағы мұражайы мен Юрий Гагарин тұрған үйді, сондай-ақ егер турист сапарымен сәйкес келсе, зымыран ұшырылымына куә болу кіреді. 

Ұлттың ұлы тұғырнамасы

Облыс әкімдігінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру мақсатында аймақтық семинар-кеңес өткізілді. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы, жергілікті басқарма басшылары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері, ақпараттық топтардың мүшелері қатысты.
Семинарды облыс әкімі ашып, оның жұмысына сәттілік тіледі.
– Cыр өңірі – Елбасы «Алаштың анасына»  балаған, ұлы ойшыл Қорқыт Ата дүниеге келген, ежелгі шығыс өркениетінің орталығы, түркі мәдениетінің алтын көмбесі болған, адамзаттың айға ұшар арманы орындалған өміршең өлке. Еліміздің өзге де өңірлері секілді мемлекеттілігіміздің қалыптасу тарихының талай іздері сақталған аймақ, – деген облыс басшысы өңір тарихын тілге тиек етті.
Аймақ басшысы облыстың ежелгі тарихымен, бірнеше мемлекеттің орталығы болуымен тәуелсіз Қазақстанның төл тарихын толықтырып отырғанын атап өтті. Сыр өлкесінің өзінде билік құрған сақтардың ордасы Шірік Рабат, оғыздардың астанасы Жанкент,  қыпшақтардың және қазақ хандығының бірінші астанасы Сығанақ – осы  жердегі ежелгі мәдениеттің дәлелі болса, Қызылорда қаласы – Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы. Тіпті, бұл өңір – 1925 жылы ұлтымыздың қазақ деген атауға ресми түрде ие болуының тарихи белгісі екенін көпшілікке жеткізген облыс әкімі қазіргі уақытта өзектілігі айрықша мәнге ие болып отырған идеологиялық мәселелерге қатысты ауқымды кеңестің осындай тарихы мен мұрасы бай өңірде өткізілуіне үлкен мән беріп, қолдау білдіргені үшін ҚР Президенті Әкімшілігіне ризашылығын білдірді.
Сонан соң облыс басшысы Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына тоқталды.
Ел Президентінің бұл мақаласы – Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы деуге болады. Осы ретте, мақалада көтерілген әрбір мәселе әр қазақтың, қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз.«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағында қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылған болса, соның ішінде Сыр өңірінде бұл жұмыстар жүйелі жүргізілді. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері мен Сауысқандық петроглифтері енгізілді. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында облыс архивтері Орынбор, Ташкент, Тәжікстан, Париждің мемлекеттік архивтеріндегі аса құнды тарихи құжаттармен толығып, өңірдің өткен тарихын айқындай түсті. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің қолдауымен Байқоңыр қалалық архиві ашылып, Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының 4-ші отырысының нәтижесімен 1000-ға жуық архивтік құжат елге қайтарылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспар аясында ағымдағы жылы ұйымдастырылатын шараларға бүгінгі күні бекітілген бюджетке сәйкес 460 млн 123 мың теңге қаржы қаралып отыр. Есепті мерзімде өңірімізде 159 ірі көлемді шара осы жоспарға сәйкес өткізілді. Аймағымызда облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, сәуір айынан бас¬тап барлық елді мекендерде тұрғындармен тұрақты кездесу өткізілуде. Мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жемісті жүргізу мақсатында облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-ты бір орталыққа біріктіріп құрылған медиа-холдинг бұл жұмысты жоғары деңгейде жүргізіп отыр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын дер кезінде халыққа жеткізіп отыру үшін өңірлік коммуникациялар қызметі жұмыс жасайды. Оның алаңында ай сайын қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, сарапшылардың қатысуымен брифингтер өтуде. Сұлу Сырдың сол жағалауынан бой көтеретін жаңа қаланың құрылысы басталды. Сол аумақтан әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объектілерімен бірге жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің, көпсалалы денсаулық сақтау орталығының және Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының үлгісі бой көтереді. Қазақ Орталық Атқару комитетінің тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып,  рухани жалғасын таппақ. Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді.
Аймақ басшысы мұнан әрі ұлттық құндылықтарымыздың ішінде жыршы-жыраулардың алатын орны ерекше екеніне тоқталды. Осы жыршылық өнерді жас ұрпаққа насихаттау, түркі халықтарының ұлттық фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу және өзара мәдени байланысты нығайту мақсатында Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Фирдоусидің «Шахнамасынан» Тұрмағамбеттің «Шахнамасына» айналған әлемнің жыр жауһары – «Шахнама» аудиоэнциклопедиясы жарық көрді. «Сырдария кітапханасымен» 200-ге жуық жерлесіміздің кітаптары басылды. Елбасының тапсырмасымен қайта құрылымдаудан өткен Қорқыт Ата мемориалдық кешені бүгінде туристер табан тірейтін орынның біріне айналды. Одан бөлек аймақта басқа да тарихи орындар жеткілікті. Соның бірі – Сығанақ. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облысымызға сапары барысында сол тарихи орында болды.
Елдің келешегі жастар десек, облыста оларды қолдау мақсатында түрлі шаралар жүргізілуде. Солардың бірі ретінде Ресейдің жетекші оқу орындарында Қызылордадан 400-ге тарта жастың білім алып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Олар өндіріске аса қажетті мамандықтарға машықтанып, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеруде. Жастар – ел ертеңі, келешек иелері. Өз сөзін өңір жетістіктерін саралау арқылы қорытындылаған облыс әкімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Қылышбай Бисеновті мерейлі 60 жасымен құттықтап, Елбасының, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың алғыстарын, облыстың «Құрмет» грамотасын табыстады.
Аймақтық семинар-кеңесті жүргізген ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар көп аймаққа үлгі боларлық екенін жеткізді.
Мемлекеттік саясатты жүргізуде БАҚ өкілдерінің де алар орны ерекше. Президенттің рухани жаңғыруға серпін беретін мақаласынан туындайтын мәселелерді көпшілікке насихаттауда да журналистерге елеулі міндеттер жүктелетіні белгілі. Осы орайда, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі баяндама жасады. Оның сөздеріне сүйенсек, «Егемен Қазақстан» газетінде рухани жаңғырумен сабақтасатын 350-ден астам мақала жарияланған. Мемлекет басшысының мақаласы жарық көргеннен бастап, ол қоғамда қызу талқыланып, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан. Әсіресе, ұлттық кодты жаңғырту, латын әліпбиіне көшу мәселелері шетелдерде де талқыланған. Аталған газетте 30-дан астам шетелдік мамандар мен сарапшылардың пікірі берілген. Сондай-ақ, бұл газетте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатымен 18-35 жас аралығындағы журналистер арасында «Туған жер: көне тарихтың көмбесі» тақырыбында жазылған үздік материалдарға бәйге жариялаған болатын. Байқау талаптары бойынша үміткерлер туған жер, киелі орындар мен көрікті мекендер тақырыбын қамтыған тарихи-танымдық, зерттеу мақалалары мен фоторепортаждарын жолдауы тиіс еді. Соған орай, редакциямызға ел өңірлерінен 20-дан аса материал келіп түсті. Редакция алқас