ҚЫЗЫЛОРДА
ОБЛЫСЫ
ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ
ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Аймақ халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көптеген жылдардан бері күрделі мәселелердің бірі болып келді. Бұған кезінде Сырдария өзені мен ашық су тоғандарының ластануы да әсер етті. Біздегі жерасты су қорларының теңдей орналаспағаны, әсіресе теңіздің тартылуына байланысты осы өңірдегі су көздерінің тұздануы жағдайды өткірлей түсті. Соған қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын тапты. Орта Азия мемлекет басшыларының Нүкіс кездесуінің бағдарламасына сәйкес 1994-2000 жылдары облыс елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 850 млн. теңге қаржы бағытталды.

2002-2010 жылдары жүзеге асырылған «Ауыз су» бағдарламасы бойынша облысқа республикалық бюджеттен және гранттар есебінен 20 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бағдарлама басталғанға дейін аймақтағы 271 елді мекеннің 19 ауылы ғана топтық су құбырынан, 169-ы жерасты су көздерінен, 9-ы тасымал көлігімен су ішетін болса, 88 елді мекен бұл мәселені шешуге мұқтаж болып отырды. Жоғарыда аталған қаражатқа 452 шақырымнан астам су құбыры тартылды немесе қайта жаңғыртылды. Соңғы жыл­дары 27 елді мекен топтық су құбырына жалғасты. Сонымен бірге 600 шақырымға жуық ауыл және кентішілік құбырлар тартылып, топтық су құбырларына қосылды. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам халық таза сумен қамтылып, бұған қоса, 30 елді мекеннің ішкі су желілері қайта жаңғыртылды.

Осы кезеңде жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 158 елді мекеннің ішкі су желілері салынды немесе жөндеуден өтті.

– Қазіргі таңда халыққа облыста 3 топ­тық су құбыры қызмет көрсетеді. Бү­гін­де Октябрь топтық құбырының құры­лысы аяқталды. Биылғы жылы Арал-Сар­бұлақты толық аяқтаймыз. Сонымен бірге Жиделі топтық су құбырының құрылысы жалғасуда. «Ақбұлақ» бағдар­ламасына сәйкес  жаңадан салынатын, Талап және Сырдария топтық су құбы­рына және Жиделіге 2020 жылға дейін 30 млрд. теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр, – дейді «Арал» салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясының директоры Виталий Шен.

Ашығын айту керек, он жылға таяу жүргізілген «Ауыз су» бағдарламасы біздің облыста нәтижелі жүзеге асып, халықты таза сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 70 пайыздан асып түсті. Облыста үш топтық су құбырының үлкені де, алғашқысы да Арал-Сарбұлақ топтық жүйесі. Бүгінгі таңда аталған топтық су құбыры Арал және Қазалы аудандарының 150 мыңнан астам халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді.

Екі ауданның тұрғындарын тіршілік нәрімен сусындатып отырған жүйенің тарихы тереңде. Сонау 70 жылдары Арал аймағының солтүстікте орналасқан Толағай жерасты су қорына геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген. Толағай қорының ауыз суға жарамдылығы және қайнардың күнделікті өнімділігі 68 мың текше метр екендігі анықталды. Сек­сенінші жылдардың ортасында су құбыр­ларының құрылысы басталды. Соның нәтижесінде Қосаман және Бердікөл су торабының арналары іске қосылды. Ел аузында Сарбұлақтың суы аталған бағалы бұл тіршілік нәрі құрамы жөнінен Қазақстанда ең сапалы ауыз су болып табылады. Құландының құнарлы жерінен атқылаған су нәрі, міне, 30 жылдан бері өңір халқының тіршілік арқауы болып келеді. Жергілікті халық осындай алып құрылыстың салынуына сол кездегі облыс басшысы Еркін Әуелбековтің көп күш салғанын үлкен ықыласпен еске алады.

Енді, осынау отыз жылда Сарыбұ­лақтың құбыры талай қиындықты бастан кешіргенін, кезінде тоқтап та қалғанын айтпасқа болмас. Бірақ, тереңнен тартқан асыл арна халықты балдай суымен сусындатуды тоқтатқан жоқ.

Аралдың экологиялық ахуалын жақ­сартуға шетелдіктер де қол ұшын созды. Осындай жобамен Араб елінің эконо­микалық даму жөніндегі Кувейт қоры осы топтық су құрылысына 1,2 млрд. теңге несие бөлді. Оған 155 шақырым су тарату жүйесі салынып, Арал қаласындағы тұтынушыларға суды кіргізу үшін 183 шақырым су желісі жүргізілді. Сонымен бірге жобаға сәйкес «КҒМ» банкі бөлген 910 млн. теңгеге топтық су құбырының 22 шақырымы қайта жаңғыртылды.

«Ауыз су» бағдарламасы топтық су құбырының жаңа тынысын ашты. Сарбұлақ суы Жаңақазалы мен Қазалыға жеткізіліп, бұл жерлерде су сақтайтын қоймалар мен бірнеше насос стансалары салынды. Әйтеке би кентінде жалпы ұзындығы 21,5 шақырым қалаішілік су желісі іске қосылды. Мұнан басқа, соңғы жылдары Қазалы ауданынан Кәукей Тасарық, Лақалы, Отгон, Бозкөл елді мекендеріне су жеткізілді. Мұндай жұмыс­тар Арал ауданының Райым, Ескіұра, Құмбазар, Қызылжар, Шөмішкөл, Бек­бауыл, Yкілісай елді мекендерінде де атқарылуда. Бұл ауылдарда ауылішілік және жеке үйлерге су кіргізу жүргізілген. Міне, өткен жылы жалғасын тапқан «Ақбұлақ» бағдарламасының өңірдегі игілігі осындай. Сөйтіп, тасымал және ашық су көздерімен су ішіп отырған Аралдың 8 елді мекені, Қазалының 5 елді екені Сарбұлақ топтық су құбырына қосылды.

Бүгінгі таңда топтық су құбыры көрші екі ауданның 48 елді мекеніне су жеткізіп беріп отыр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Арнаның бастау бұлақтары Қосаман мен Бердікөлдің Арал қаласынан жүз шақы­рым­нан астам қашықтықта жатқанын ескерсек, өмір нәрінің қаншалықты қиын­дықпен жеткізілетінін байқауға болады. Осыдан отыз жыл бұрын салынған темір құбырлардың уақыты өткені айтпаса да түсінікті. Іргесіндегі дариядан уақытылы су іше алмай отырған Қызылорда қаласы тұрғындарына қарағанда Арал мен Қа­залы тұтынушыларының шыдамдылығы мықты болу керек секілді. Оның үстіне аталған кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы күрделі күйінде қалып, ескі техникалар қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік бермеуде.

Бұл өңірдің қысы қатты, жазы ыстық. Биылғы жылы да кәрі құда әлегі аз болған жоқ. Қақаған қыста құбырда апатты жағдай орын алды. Ескі техникамен кәсіпорынның оны жөндеуге шамасы келмеді. Абырой болғанда, жергілікті биліктің көмегінің арқасында су құбы­рындағы апат қайта қалпына келтіріліп, екі ауданға су жеткізу жолға қойылды. Өткен маусымда осындай 10 апат орын алса, оның 5-і ірі жағдайда болғаны анықталған.

Топтық су құбырларының тармақтары шалғайдағы ауылдарға дейін жеткізіл­гендіктен оның ауқымы өте үлкен. Бір ғана Қаратерең мен Бөген ауылдары аудан орталығынан – 200 шақырым, күре құбыр­дың бойындағы су жинайтын қоймалар 150 шақырым қашықта орналасқан. Қа­залы ауданында да осындай шалғай­дағы елді мекендер баршылық. Міне, мұның бәрі Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры мекемесінің ең алдымен ма­териалды-техникалық базасын жақсар­туды қажет етеді. Өкінішке орай, бөлінген мардымсыз қаржы оның техникалық жағдайын айтарлықтай жаңалауға мүм­кіндік бермей отыр. Қырдың астындағы, төбенің басын­дағы ауылға құбыр тартып жеткізгенмен, оның жұмысын қамтамасыз ететін кәсіпорынның жағдайын дұрыстау бірінші кезектегі міндет болса керек.

Отыз жыл жер астында жатқан темір құбырлар жазда жарылып, қыста қатып әбігерге салумен келеді. Осы жағдайларды ескере келе, өткен жылы топтық су құбы­рын жөндеу мен қайта жаңғырту, кәсіп­орынды жабдықтау жұмыстарын жоба­лауға 100 млн. теңге бөлініп, жоба дайындалды.

Қазір су құбырлары республикалық мен­шікте. Облыс әкімі Болатбек Қуан­дықов аталған топтық су құбырын қайта жаң­ғырту мәселесін Yкімет алдына бір­не­­ше рет көтеру нәтижесінде ағымдағы жы­лы су ресурстары комитетіне 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бірақ, жұмыс көлемі  және құбырлардың тозығы жету деңгейін есеп­тей келе, жыл сайын кем дегенде 3 млрд. теңге бөлу қажет екен. Аймақ басшысы бұл туралы Yкіметті хабардар еткенін атап өтті. Өйткені, қолданыстағы 600 шақы­рым­­­нан астам су құбырын ауыстыру қажет.

Іргелі аудандарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған топтық су құбырының бесінші кезеңі аяқталғанда барлығы 56 елді мекен сумен қамтылады. Бүгінгі таңда құбырдың жалпы ұзындығы 800 шақырымнан астам.

Биыл басталатын Арал-Сарбұлақ топтық су құбырын қайта жаңғырту халықтың көптен күткен тілегінен туындаған игілікті іс. Екі ауданның 135 мыңға тарта тұрғындарын сусындатқан қайнар бұлақтың нәрлі суын тиімді пайдалану табиғатқа да, адам өміріне де үлкен жақсылық әкелері сөзсіз.

«СБ» Жұматәли ӘБДІРАМАН

Аймақ
Анықтама
Билік
Құқық
Табиғат
Экономика
Бизнес
Мем қызметтер
Қоғам
Инфрақұрылым

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика