ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-ПРОДЮСЕРЛІК ОРТА

ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-ПРОДЮСЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ


Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Әуелбеков көшесі, №41.

Анықтама телефондары:

 - Қабылдау бөлімі 8 /7242/ 27 76 33, 27 26 56

 - Есеп-қисап бөлімі 8 /7242/ 29 26 80

Жұмыс уақыты. Дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 19.00 аралығы, түскі үзіліс 13.00-15.00-ге дейін. Демалыс күндері – сенбі, жексенбі.

Қысқаша мәлімет. Облыстың рухани өмірі, мәдени өрлеуі мен Сыр өнерінің өзіндік өрнекпен дамуында жарты ғасырға жуық тарихы бар халық шығармашылығының орталығының үлесі мол.
1958 жылы Қазақ ССР-і Мәдениет Министрлігінің Қаулысына сәйкес облыстық халық творчествосы Үйі ашылды. Алғашқы уақытта қоғамдық негізде құрамында 3-4 адамы бар мәдени-үгіт тобы ретінде еңбекші, егіншілер арасында, аудандардың кеңшар, ауылдарын аралап өнер көрсеткен.
1958-1960 жылдары Ералы Бедебеков басшылық еткен. Шығармашылық Үйі болып құрылған соң, жұмыс ауқымы кеңейіп, өнерлі жастар қатары да көбейе түседі.
1960 жылы белгілі драматург – жазушы Оразбек Бодықов редакторлық еткен халық творчествосы Үйінің арнайы басылымы, мәдениет пен өнердің жаршысы «Сахна» атты репертуарлық листок шығара бастады. Осы жылы ашылған облыстық қазақ драма театрының директоры, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Республика қуыршақ театрының директоры Сақтаған Тұрлымұратовтың да халық творчествосы Үйіне қосқан үлесі зор.
1961-1963 жылдары белгілі айтыс ақыны Надежда Лушникова директор қызметін атқарған. 1963 жылдан бастап «Сахна» листогі «Сыр сахнасы» деген атпен репертуарлық бетше болып шыққан. Бетшеге театр репертуары, сценарийлер, скетч, айтыстардан үзінді жарияланып тұрған.
1963-1969 жылдары директорлыққа облыстық мәдениет басқармасының клуб жұмыстары жөніндегі инспекторы Бекарыс Қанасылов тағайындалған. Осыдан бастап облыстың клуб мекемелерінің саны көбейіп, жұмысы да жақсара бастады. Мәдениет Сарайлары мен Үйлерінің, клубтар мен автоклубтардың, музей, қызыл отаулардың жүйесі қалыптаса бастады.
1965 жылы Қызылордада барлығы 209 клуб мекемелері болса, 1966 жылы оның саны 218-ге жетті.
1969-71 жылдары ақын-журналист Жанұзақ Қожабергенов директор болды.
1971-75 жылдары Адам Мекебаев басшылық жасайды.
1972-75 жылдары Шекер Орынбаева /4 штаттық бірлікпен/ жұмыс жасап, осы жылдары өнер адамдары мен олардың шығармашылығын насихаттайтын басылым енді «Сыр өнері» деген атпен қайта шыға бастады.
Қазақ ССР-і Мәдениет Министрлігінің Қаулысына сәйкес облыстық халық творчествосы Үйі 1980 жылдан облыстық халық творчествосы мен мәдени-ағарту жұмысытарының ғылыми-методикалық орталығы болып қайта құрылды.
1989-1991 жылдары орталыққа әуесқой кинооператор, талантты режиссер Жәдігер Тұрсынов директор болып келді. Облыс мәдениет өнерінің қара шаңырағы болған орталыққа мәдениет майталманы, іскер басшы бола білген марқұм Мұхамедияр Әбжановтың еңбегі зор.
Облыс Әкімінің 1999 жылғы 14 қаңтарындағы №869 санды шешіміне және облыстық мәдениет басқармасының 27 қаңтардағы 6 санды бұйрығына сәйкес орталық мекеме ретінде жабылып, мемлекеттік қазыналық  кәсіпорын «Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы» болып қайта құрылды. Осы жылдан бастап 2006 жылға дейін орталыққа Жұмабек Әлиев басшылық жасады. 7 жыл аралығында орталықтың ұйымдастыруымен ірі-ірі республикалық, халықаралық фестиваль, байқаулар, конференциялар өтіп, материалдық-техникалық базаны күшейту бағытында жұмыстар жасалды. 2006-2011 жыл аралығында  орталық басшысы Талғат Мақашов. 2011 жылдың сәуір айынан бастап орталық директорының міндетін атқарушы Сәбит Аманкелдиев.
Орталық жұмысының негізгі бағыт-бағдары – клуб мекемелеріне әдістемелік көмек беру, клуб қызметкерлерінің жұмысына бағыт-бағдар беріп, білім жетілдіруіне ықпал ету, үздік ұжымдар мен жеке орындаушыларды облыс, республика көлеміне насихаттау, ақын-жырау, әуесқой композиторлардың шығармашылық еңбектерін зерттеп, облыстық деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыру.

Орталықта 5 бөлім жұмыс жасайды.
1. Халық шығармашылығын дамыту бөлімі – облыс халық шығармашылығын дамыту, көркемөнер ұжымдарына көмек, бағыт-бағдар беру, республикалық және аймақтық бағдарламаларды, ережелерді, әдістемелік көмекші құралдар мен нұсқауларды, іс-тәжірибелерді облыс көлеміне лайықтап, өңдеп тәжірибеге енгізіп пайдалану. Облыстан тыс жерлерде өтетін мәдени шараларға /айтыс, фестиваль, конкурс, конференция, форум, көрме/ өнерпазадарды іріктеп, оған жоғары деңгейдегі дайындықпен қатыстыру, көнекөз жырау, айтыскер ақын, күйші, қобызшылардың дауысын үнтаспаға жазып алу, бейнетаспаға түсіру, олардың өмірі жөнінде мағлұматтар жинақтау.
2. Әдістемелік - ұйымдастыру бөлімі – клуб кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, жақсарту мақсатында әрбір мәдени мекемеде болып, қадағалап отырады. Клуб кәсіпорындарының жылдық қорытынды есебін қабылдап, оған талдау жүргізіп, соның негізінде қорытындылар мен ұсыныстар жасайды.
3. Мәдени-продюсерлік бөлімі – мәдени көпшілік шараларды, мейрамдарды, ертеңгілік, дискотека, думанды бағдарламаларды ұйымдастырып өткізу. Жаңа заман талабына сай халықтық салт-дәстүрлерді насихаттайтын ақылы мәдени қызмет көрсету.
4. Музыка және техникалық құралдармен қамтамасыз ету бөлімі – облыстағы кәсіпқой және әуесқой композиторлардың тізімін жасап, олардың өмірбаянын, шығармаларын жинақтай отырып картотекалар жасау, сондай-ақ композиторлардың ән мерекелерін ұйымдастыру. Облыстық  дәрежеде өтетін барлық мәдени іс-шаралардың музыкалық көркемделуін сапалы түрде жүргізу және музыкалық аппаратурамен қамтамасыз ету, орталықтың фонотека қорын толықтыру. Музыкалық шығармалар жазылған дыбыс таспаларын ауылдық клубтарға ұсынып отыру. Облыстық  дәрежеде байқау, конкурстар өткізу.
5. Кинобейне қызметін көрсету және фильмдерді жалға беру бөлімі – Облыс тұрғындарына кино және бейнефильмдер қызметін көрсетіп, ұлттық киноматографияны насихаттайды. Облыс көлемінде кинобейнеқондырғыларды және басқа да кинобейнені, ойын-сауық орындарда пайдаланудың бірыңғай техникалық нормалары мен ережелерін әзірлейді. Сонымен қатар, мәдени шараларға кинофильмдерді көрсетеді.
Орталық жанында 4 халықтық ұжым және көркемөнерпаздар үйірмелері бар: «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі, «Нұргүл» халық ән-би ансамблі, Халықтық фотостудия, Халықтық киностудия, Музыкалық студия, Балалар студиясы.
Орталықта есімі республикаға танымал композитор 1998 жылғы облыс Әкімінің степендиаты, «Шапағат» медалінің иегері Рамазан Тайманов, Республикалық Дизайнерлер Одағының мүшесі, 2002 жылғы облыс Әкімінің стипендиаты Шахмардан Әбдіхалықовтар еңбек етеді. Республикалық «Жас қанат» конкурсының бас жүлдегері, Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің ІІІ орын жүлдегері Гүлнұр Оразымбетова осы қара шаңырақтан өнер көгіне қанат қақты. Халықаралық «Азия дауысында» дүйім жұртты тәнті еткен атақты «Қорқыт. Қобыз» әнінің сөзін жазған ақын Оңталап Нұрмаханов орталықтың көркемдік жетекшілігінен кәсіпқой театрға режиссер болып көтерілді.
Астана қаласында өткен жас орындаушылардың республикалық «Жас қанат» конкурсында өнерлі жастарымыз жоғары деңгейде көрініп Руслан Садықов жүлделі ІІ, Нұрболат Сейітмұратов ІІІ орындарды иемденді.
Орталық жанынан құрылған балалар студиясына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдаулетова жетекшілік етеді. Студиядан дәріс алған өрімтал өнерпаздар республикалық  балалар шығармашылығының «Әнші балапан», «Бозторғай», «Айналайын» қала берді халықаралық фестиваль, байқауларына қатысып өздерінің қайталанбас өнерімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Эстония, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Франция, Түркия көрермендері кішкентай жұлдыздарға зор овация жасады.
Сырдың жыраулық дәстүрін сөз етсек, бұл өнермен Москва, Санкт-Петербург, Саха және Франция, Италия, Швейцария, Монғолия тіпті мұхиттың арғы жағындағы Жапон, Америка елдерінің тыңдаушылары да таныс.
Республикаға әйгілі жырау, өнер зертеушісі Алмас Алматов Лондонда өткен конференциясына, Америка Құрама Штатында өткен фольклорлық фестивальге аралдық жырау Рысбек Әшімовпен бірге қатысып қайтты, жыраулардың дауысы Алтын дискіге жазылып алынды.
Айтыскер ақындар Әбілхайыр Сыздықов пен Кенжебай Жүсіповтер халықаралық ақындар айтысында жүлдемен оралды. Қазір ақындар легі республикаға танымал бола бастаған жас таланттар Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Еркін Садықұлы, Ержеңіс Әбдиев, Оразхан Сейілханұлы, Мейірбек Сұлтанхан сынды ақындармен толуда.
Орталық сапасы дыбыс және жарық аппаратураларымен жабдықталған. Құны 7 млн. тұратын «Динакорд» дыбыс күшейткіш аппаратурасы түрлі деңгейде өтетін /орталық алаң, стадион, концерттік залдар/ мәдени шаралардың сапалы өтуіне мүмкіндік береді. Соңғы үлгіде жасалған жарық эффектілері, бу машинасы, фейерверк думанды бағдарламалардың сәтті өтуіне мол мүмкіндік береді. Ғимаратқа толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жұмыс кабинеттері соңғы үлгідегі офистік жиһаздармен, ксерокс, компьтерлермен жабдықталды.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы

Директоры-Аманкелдиев Сәбит Аманкелдіұлы (08.01.1975) – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, «Таң» кеңшарында туған, 1982-92 ж. №118 орта мектебінде оқыған, 1992-93 ж. «Таң» кеңшары мал шаруашылығында жұмысшы, 1993-97 ж. Қызылорда музыкалық училищесінің «Халық аспаптары» факультетінде оқыған, 1997-2000 ж. «Таң» кеңшарындағы №1 бригадасында есепші, 2000-2004 ж. Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Дәстүрлі жыр» кафедрасы, «Фольклор зерттеушісі» мамандығы бойынша бітірген. 2004-2005 ж. Жалағаш аудандық  оқушылар үйінде дәстүрлі ән жыр үйірмесінің жетекшісі, 2005-2007 ж. Жалағаш аудандық оқушылар үйінде ұйымдастырушы-педагог, 2007-2010 ж. Жалағаш аудандық «Мәдениет Үйлері мен клубтары» КМҚК директоры, 2010-2011 ж. Қызылорда облыстық филармониясы директорының орынбасары, 2011 жылдың наурыз айынан ОХШДО-ның директорының орынбасары, сәуір айынан бастап орталық директоры қызметін атқарады.

                                         


Көкейкестi

  • Қазақстан-2050 сайтына өту
  • Қызылорда облысы әкімдігінің инфографика галереясы
  • Қызылорда облысы әкімдігінің бейнегалереясы
  • Қызылорда әкімдігінің фотогалереясы
  • Геопортал
  • БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУ
  • 2020
  • МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ
  • ХҚО

Анықтама